Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры - Талдықорғанда

Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры - Талдықорғанда

Талдықорғанға гастролдік сапармен М. Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры келді. Өнер ұжымы Б. Римова атындағы драма театры сахнасында төрт қойылымын ұсынады. Талдықорғанға арнайы келген сахна саңлақтарының ішінде Қазақ КСР халық артисі, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның Еңбек Ері, көрнекті өнер қайраткері Асанәлі Әшімов бар, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Кеше жазушы Роза Мұқанованың «Мәңгілік бала бейне» қасіретнамасына  облыс әкімі Бейбіт Исабаев арнайы барды.

Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының директоры Еркін Жуасбектің айтуынша, 2026 жылдың қаңтарында өнер ордасының құрылғанына 100 жыл толады. «Осы мерейлі датаның алдында өңірлерге гастролдік сапарға шығуды жөн деп шештік. Өнер сапарын бірінші болып жер жаннаты Жетісудан бастап отырмыз», - деді Е. Жуасбек қойылымнан кейін сөйлеген сөзінде.   

Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының мәліметіне сүйенсек, «Әкемтеатр» Талдықорғанда 2 – 5 мамыр аралығында болады. Бүгін Александр Володиннің «Қоштасқым келмейді» драмасы, 4 мамырда Тынымбай Нұрмағанбетовтың «Қожанасыр тірі екен!...» комедиясы, 5 мамырда «Жан әке» драмасы қойылады.

 

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Фотосуреттерді түсірген: Жеңіс Ысқабай