Облыс әкімі азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады

Облыс әкімі азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады

Бүгін облыс әкімі Бейбіт Исабаев азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қабылдауға бірінші болып Талдықорған қаласының тұрғыны Гүлжан Дүйсенбекова кірді. Ол әскери қызметте істейтін жолдасымен бірге бес бала тәрбиелеп отыр, оның екеуінің мүмкіндігі шектеулі. Көп балалы ананы баспана мәселесі алаңдатады.

- Үй кезегінде тұрғаныма 12 жыл болды. Кезегім бірнеше жыл бұрын 600-ші еді, қазір 1500-ші болып тұрмын. Күйеуіме отбасы мүшелерінің санына қарай пәтерақы беріледі. Дегенмен несие тарихымыз нашар болғандықтан, ипотека ала алмай отырмыз. 5 баламмен үй жалдап, жиі көшіп жүрген қолайсыз. Екеуінің денсаулық жағдайына байланысты тіпті қиын, - деді Г. Дүйсенбекова.

Бейбіт Исабаев заң бойынша 6 санат бойынша тіркеу керек болғанымен, Талдықорған қаласында бұған дейін тұрғын үй қатынастары заңнамасының бұзылуына жол беріліп, 19 санат бойынша тізімделген. «Заң талабына сай тұрғын үй кезегін 6 санатқа біріктіргеннен кейін кезек шамамен 3 есе артқа жылжыды. Бірақ қазір электронды кезектің арқасында барлығы ашық, қолжетімді. Тұрғын үй құрылысының қарқынын ескерсек, келесі жылы көптен күткен пәтерге қол жеткізесіз», - деген облыс әкімі мүмкіндік туып жатса, өз қаражатына тұрғын үй салатын меценаттардың қолдауымен бұл мәселені ертерек шешілуі де мүмкін екенін жеткізді.

Кербұлақ ауданының тұрғыны Гүлмира Жанатаева жер мәселесін көтерді. Ол маусым айында өткен ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге арналған конкурстың қорытындысына көңілі толмайтынын айтты. Облыс әкімі атап өткендей, бұл мәселеге нүктені сот қояды, сонымен қатар тұрғынға құқықтық көмек көрсету де тапсырылды.

Арынғазы Сыздықов Сарқан ауданы Лепсі ауылында Халыққа қызмет көрсету орталығының филиалын ашу қажеттігі туралы айтты. Ол ауыл тұрғындары 300 шақырымдай жол жүріп, аудан орталығына баруға мәжбүр дейді. Аудан әкімі Ғалымжан Маманбаев мұндай мәселенің шынымен де бар екенін және бұл мәселе Лепсі ауылына жақын орналасқан ауылдар мен разъездердің тұрғындарына қиындық тудырып отырғанын растады. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ Жетісу облысы бойынша филиалы директорының міндетін атқарушы Әсем Тукатованың айтуынша,  қазіргі кезеңде мемлекеттік қызметтердің басым бөлігі eGov порталы арқылы электронды форматта көрсетіледі. Соған қарамастан меморандум арқылы «Қазпочта» АҚ қызметкеріне ХҚО маманының функцияларын беру мүмкіндігін қарастыруға болады. Бірақ бәрібір Сарқандағы Халыққа қызмет көрсету орталығына күнде баратын курьер керек болады. Аудан әкімі курьерді көлікпен және жанар-жағармаймен қамтамасыз ету мәселесін шешуге уәде берді, сол сияқты оған меморандум жасасу мәселесін де бақылауға алу тапсырылды.

Талдықорған қаласындағы саяжай тұрғыны Қайырғали Кәрібаев 2019 жылы 8 мың теңге болған жалдау шартындағы ай сайынғы төлемнің неліктен қазір 20 мың теңгеге көтерілгенін сұрап, бұл тұрғыда өзінің келіспеушілігін білдірді. Қала әкімінің орынбасары Бауыржан Әбибековтің сөзіне сүйенсек, бұл айырмашылық үйлерді қабылдау актісіндегі тапсыру мерзіміне байланысты. Кейбір үйлер 2019 жылы, кейбірі 2020 жылы пайдалануға берілді. Тиісінше, құрылыс құны да әртүрлі дейді қала әкімінің орынбасары.

Дегенмен облыс әкімі бұл мәселені тағы бір рет егжей-тегжейлі қарап, тұрғындарға нақты түсініктеме беруді тапсырды. Сондай-ақ құрылысы аяқталмаған 200-ден астам проблемалық коттедж үйлердің құрылысы аяқталатынын айтты. Тиісті тендер рәсімдері аяқталғаннан кейін жұмыс биыл басталады.

Талдықорған қалалық қоғамдық палата өкілдері Нұрлан Айшымбаев пен Нұрдәулет Жақыпов «Жерұйық-Өрлеу» коммуналдық базарының жұмысына қатысты мәселені жеткізді. Олардың айтуынша, саудагерлер тұратын жерді жалға алу ақысының жоғарылығына наразы, сонымен қатар азық-түлік бағасының қымбаттауына делдалдар мен алыпсатарлар ықпал ететінін, себебі көбінесе ауыл шаруашылық тауар өндірушілерінің өнімдері тұрғындарға тек солар арқылы ғана сатылатынын атап өтті. Сондай-ақ оларды коммуналдық базардың жекешелендіріліп, толығымен жекенің қолына өтіп кеткені де алаңдатады.

Бейбіт Исабаев бұл мәселеге қатысты егжей-тегжейлі тексеру жүргізіліп жатқанын айтты. Ауыл шаруашылығы өнімдерін «алқаптан сатып алушыға» қағидаты бойынша өндірушіден тұтынушыға тікелей жеткізу мақсатында әр апта сайын сенбі, жексенбі күндері жәрмеңкелер ұйымдастыру жоспарланған. «Жетісу» ӘКК тиісті жұмыстарды атқаратын болады. Сондай-ақ маусымаралық кезеңде азық-түліктің тапшылығы мен қымбаттауына жол бермеу үшін Талдықорғандағы сыйымдылығы 6 мың тонналық көкөніс сақтау қоймасы мемлекет меншігіне қайтарылды. Қазір жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, картоп, пияз, сәбіз және т.б. көкөністер қоймаға сақтауға қойылды. Бұл әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыруға ықпал ететін шараның бірі. Сондай-ақ облыста бірнеше әлеуметтік дүкен ашылды, тағы біреуі Талдықорғанда қаңтар айында ашылады.

Қоғам белсенділері Жеңіс және Ардагерлер саябақтарының жағдайына да алаңдаушылық білдірді. Облыс әкімі абаттандыру жұмыстарының ерекше бақылауға алынғанын, сапаға баса мән берілетінін жеткізді. Сөз соңында Бейбіт Исабаев азаматтардың барлық мәселелері заң аясында шешілетінін айтып, жауапты басшыларға тиісті тапсырмалар берді.

 

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Фотосуреттерді түсірген: Жеңіс Ысқабай