Бүгін Жетісу облысының медициналық ұйымдарының автопаркі 29 жаңа жедел жәрдем көлігімен толықты. Бұл үшін бюджеттен 750 млн. теңге шамасында қаржы бөлінді. Арнайы автокөліктердің кілттерін облыс әкімі Бейбіт Исабаев тапсырды, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Он үш аудандық және облыстық ауруханаға, сондай-ақ кардиологиялық орталыққа, көпсалалы балалар ауруханасына, психикалық денсаулық орталығына барлығы 29 автокөлік берілді. Бұл санитарлық автокөлік оттегі баллондарымен, оттегі қысымын реттегіштермен, инфузиялық жүйеге арналған кронштейндері бар леер-тұтқалармен, қолды дезинфекциялауға арналған диспенсерлермен, роликті арбалармен және басқа да қажетті заттармен жабдықталған.
Облыс әкімі Бейбіт Исабаев денсаулық сақтау мекемелерінің басшыларына автокөліктердің кілттерін тапсыру рәсімінде сөйлеген сөзінде халықтың денсаулығын нығайту, медициналық қызметтердің сапасын арттыру Мемлекет басшысының атқарушы органдардың алдына қойған басты міндеттерінің бірі екенін атап өтті.
- Ұлттың саулығы – мемлекеттің саулығы. Сондықтан бұл мәселеге біз тұрақты назар аударып, әрдайым қолдау көрсетіп келеміз. Атап айтқанда, медициналық нысандар салуға, арнайы құрал-жабдықтар сатып алуға, кадрларды оқытуға қомақты қаражат жұмсалуда. Биыл жергілікті бюджет есебінен 3,6 млрд. теңгеге медициналық жабдықтар сатып алынып, жабдықталу көрсеткіші 93%-ға жеткізілді. Өткен жылы бұл көрсеткіш 87% болған. Сондай-ақ медициналық кадр тапшылығы проблемасын шешу үшін келесі жылдан бастап өңірге келген мамандарға 5 млн. теңгеден 10 млн. теңгеге дейінгі мөлшерде біржолғы материалдық көмек көрсетілетін болады, - деді Б. Исабаев.
Атап өтсек, жедел және шұғыл медициналық көмек көрсету және медициналық қызметтердің сапасын одан әрі арттыру үшін Жетісу облысында 67 жедел жәрдем бригадасы жасақталған (норматив – 10 мың тұрғынға 1 бригада). Шалғай аудандарда «103» бригадаларының уақтылы жетуі үшін қосымша 12 дислокация құрылды. «103» бірыңғай диспетчерлік қызметі» ұйымдастырылды. Ол облыстың түкпір-түкпірінен қоңыраулар қабылдайды. Тәулік ішінде келіп түсетін өтініш саны 2 мыңға дейін барады. Сондай-ақ «103» бірыңғай кезекші диспетчерлік қызметінің базасында тәулік бойы жұмыс істейтін call-орталық бар. Онда халыққа жоғары білікті медицина қызметкерлері кеңес береді.
Еске салсақ, биыл «Жедел жәрдем» әлеуметтік-қайырымдылық жобасы аясында қайтарымсыз негізде «Samruk-Kazyna Trust» корпоративтік қорының қолдауымен өңірдің 5 аудандық ауруханасына «JAC Sunray 6C» маркалы жедел жәрдем көлігі берілген болатын. Бүгін облыстық жедел жәрдем автопаркі бюджет қаражаты есебінен сатып алынған тағы 29 жаңа автокөлікпен толығып отыр.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотосуреттер авторы: Жеңіс Ысқабай.