15 отбасы баспаналы болды

15 отбасы баспаналы болды

Қайырымдылық пен мейірімділік – қанымызға сіңген қасиет. Қазақта тұрмысы төмен отбасыға, тағдыры қиын ағайынға қолда барын бөліп беретін жомарт жандар жетерлік. Оған дәлел «Мизан 2019» қайырымдылық қоры, «Алматы Production Construction & invest» және «Алия Сервис» ЖШС-нің қараталдық тұрғындарға пәтер сыйлағаны.

Баспаналы болу бақытына аудандағы жағдайы төмен, жалғызбасты, көпбалалы, мүмкіндігі шектеулі, тұрғын үй кезегінде тұрған 15 отбасы қолжеткізді. Көптен күткен үйді иеленген жандардың қуанышында шек жоқ. Қонысқа ие болған жақындарын құттықтап, шашу шашып, ақжарма тілек айтушылар қатары да аз болмады.

Көп жылдан бері баспанасыз, жалдамалы пәтерде тұрып келген көпбалалы ана Райхан Оспанова жаңа қоныс иесі атанды. 7 баласы бар ана пәтер кілтін алғанда қуанышын жасыра алмады.    ­

– Жолдасым екеуміз 7 бала тәрбиелеп отырмыз. Баспана алуға мүмкіндік болмады. Қолы ашық, жомарт жандардың арқасында үйлі болдық. Бізді осында әкеліп, қолымызға кілтті табыстағанда қуанышымызда шек болмады. Мұндай жақсылықтың шарапатын қиналып жүрген әрбір отбасы көрсе деп тілеймін.  Қолұшын созып, көмектескен жандарға алғысымды білдіремін, – деді Райхан Ерболатқызы.

Шара барысында баспаналы болған жандар демеушілерге алғысын білдіріп, ақжарма тілектерін ақтарды. Айта кетсек, тұрғын үйлер жалпы сомасы 300 млн. теңгеге демеушілер есебінен салынды. Әр үйдің 10 сотық жері, 4 бөлмесі және қора жайы бар. Қолайлы өмір сүруге барлық жағдайы жасалған.

 «Игі істің басына – жақсы келер қасына» демекші, үнемі осындай ізгі бастамалардың басы-қасында жүрген жандар қандай құрметке болса да лайықты. Дана халқымыз: «Қайырымдылық жасасаң қайырын өзің көресің»,­  – ­дейді.  Атымтай азаматтардың бұл ісі көпке үлгі.