Бүгін Бақалы ауылдық округінің Тасқұдық ауылында үлкен қуаныш. Аудан өміріне бей-жай қарамайтын белсенді азаматтарының қаражаты есебінен салынған 50 орындық бастауыш мектептің жаңа ғимараты пайдалануға берілді, -деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Көрсеткен қолдаулары үшін ауыл тұрғындарына аудан әкімінің орынбасары Асқат Қалиасқаров алғысын білдірді. Өз кезегінде аудандық кәсіподақ ұйымының өкілі Жанат Мұқашев:
- Енді біздің кішкентай бүлдіршіндеріміз заманауи бастауыш мектепте оқиды. Біраз жыл балаларымыз 70-ші жылдары салынған ескі ғимаратта оқыды. Мен де сол жерде жұмыс істедім. Кейін біз Талғат Қайнарбековтің бастамасымен жаңа мектеп салуды қолға алып, бұл игі істі 2020 жылы бірге бастадық. Демеушілер мен меценаттардың арқасында мектеп салынып, бүгін ашылып отыр. Осы қуанышпен оқушыларды, мұғалімдерді, ата-аналарды, барша ауыл халқын құттықтаймын, - деді білім беру саласының ардагері.
Енді бұл жаңа ғимаратта 1-4 сынып аралығындағы 22 оқушы оқиды, оларға 8 мұғалім сабақ береді.
Сарқан ауданы әкімдігінің мәліметінше, жалпы ауданы 225 шаршы метр болатын жаңа бастауыш мектеп ғимаратында 5 сынып бар, ол барлық қажеттіліктермен толық жабдықталған, бейнебақылау камералары орнатылған, мектеп ішкінде дәретханалар бар.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотосуреттерді Сарқан ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі ұсынған.