Мұражай қонақ үйінің орнына балабақша ашылады

Мұражай қонақ үйінің орнына балабақша ашылады

Кербұлақ ауданындағы Ш.Уәлиханов атындағы «Алтынемел» мемориалдық мұражайы жанындағы қонақ үйдің ғимараты тұрғындардың сұранысына сәйкес балабақша ретінде пайдалануға берілмек. Бұл туралы бүгін Кербұлақ ауданының тұрғындарымен кездесуі кезінде Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев айтты, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Ш.Уәлиханов атындағы «Алтынемел» мемориалдық мұражайы Президенттің тапсырмасына сәйкес күрделі жөндеуден өткізіліп жатыр. Қайта жаңғырту жұмыстары қыркүйек айында аяқталуы тиіс.

«Музейдің жөндеу жұмыстары қыркүйекте аяқталады. Нысанның жылу жүйесі де қайта жасалып жатыр. Ауыл тұрғындары музей жанындағы қонақ үйді балабақша ретінде пайдалануды сұрап отыр. Біз бұл ұсынысты қолдадық. Туристер легі көбейіп, қажеттілік туындап жатса, музейге керекті қонақ үй мәселесін қайта қарастыратын боламыз», - деді Б.Исабаев.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.