Өңірде 104 мыңға жуық бала жазғы сауықтыру демалысымен қамтылды

Өңірде 104 мыңға жуық бала жазғы сауықтыру демалысымен қамтылды

Жетісу облысында 103 258 бала жазғы каникул кезеңінде сауықтыру демалысымен қамтылды. Атап айтсақ, қала сыртындағы лагерлерде 13838 оқушы, мектеп жанындағы жазғы алаңдарда 43423 бала қамтылды. Бұл туралы Жетісу облысытық білім басқармасының дене тәрбиесі, спорт, алғашқы әскери дайындығы және қосымша білім берудің ғылыми-тәжірибелік орталығының директоры Айбол Қасенов Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен пресс-конференцияда айтты.

«Биыл облыстағы қала сыртындағы 8 лагерь 2 маусымнан бастап жұмыс жүргізуде. Атап айтсақ, Текелі қаласында «Алтын Чажа», «Эдельвейс», «Бастау», Алакөл ауданында «Шағала», Көксу ауданында «Қарлығаш», Ескелді ауданында «Айналайын», «Көктөбе», Ақсу  ауданында «Тамшыбұлақ» лагерлері. Жалпыға міндетті оқу  қорынан балаларды жазғы сауықтыру лагерімен қамту басты назарда. Аталған санаттағы 13838 баланың 7961-і  биылғы жылдың  2 маусымы – 24 шілдесі аралығында қамтылды. 2023 жылдың тамыз айының  29-на  дейін 5832 бала қамтылады», – деді спикер.

Спикердің мәлімдеуінше, мектеп жанындағы жазғы алаңдарда облыс бойынша 43423 бала  толығымен қамтылды. Демеушілердің қолдауымен 1004 баланың  496-сы қазіргі күнде лагерлерде демалуда, ал қалған балалар тамыз айының соңына дейін қамтылады.

«Экскурсиялық саяхаттармен 5640 бала жалпы ұлттық патриотизм ұғымын кеңейтуге бағытталған «Туған жер» бағдарламасы аясында балаларға жазғы демалыста алдын ала әзірленген маршруттар бойынша тарихи маңызы бар орындарға барып қайтты. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі, жетім, аз қамтылған отбасының 50 баласы «Астана қаласының 25 жылдығына» орай елордаға экскурсия жасады.

«Балдәурен», «Бөбек» республикалық оқу-сауықтыру орталығына 9 қаңтардан бүгінгі күнге дейін бөлінген квота бойынша 511 бала қамтылды», – деді Айбол Батырболұлы.

Одан бөлек,  Панфилов ауданы Лесновка ауылында «Қарлығаш» жазғы сауықтыру лагері 150 баланы 1 маусымға қабылдады. Онда жалпы саны 750 бала қамтылады.

Сонымен қатар Алакөл ауданы Ақши ауылында «Жалын» жазғы сауықтыру лагері де 28 шілде күні дарынды 100 балаға арналған оқу-жаттығу жиынының бірінші ауысымын бастайды.