Облыста биыл 164 нысанға мүмкіндігі шектеулі жандар үшін бейімдеу жасалады

Облыста биыл 164 нысанға мүмкіндігі шектеулі жандар үшін бейімдеу жасалады

Мүмкіндігі шектеулі жандарға кедергісіз орта қалыптастыру мақсатында 2023 жылы облысы бойынша әлеуметтік нысандарды бейімдеу үшін 164 нысанға 472,6 млн. теңге бөлінген. Бейімдеу жүргізілетін нысандардың басым бөлігі білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, әлеуметтік сала нысандары мен әкімдік ғимараттары, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Бөлінген қаржының уақытылы, сапалы іске асырылу мәселелеріне қатысты облыс әкімінің орынбасары Рустам Әли аудан, қала әкімдіктерімен селекторлық жиын өткізді. Жиында баяндама жасаған Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ермек Мизамбаевтың айтуынша, бейімдеу тек пандус орнатумен шектелмейді, ол 6 аймақты қамтиды. Атап айтқанда, ғимаратқа кіреберіс аймақ - пандус орнату; қозғалыс жолы - дәліздің, холдың, лифтінің қолайлылығы; қызмет көрсету аймағы - ғимараттағы киім ілетін орынның, тіркеу орнының, кабинеттердің жайлылығы; санитарлық аймақ – дәретхананың лайықталуы; ақпараттық-телекоммуникациялық аймақ – қажетті ақпарат алудың қолжетімділігі; нысан аумағы – көлік тұрағының, тиісті жол белгілерінің болуы т.б.

Бүгінгі күні 13 ғимаратта бейімдеу жұмыстары аяқталған. Ал қалған 71 нысанда тиісті жұмыстар жүргізіліп жатса, 76 нысанда әзірге мемлекеттік сатып алу конкурстары жарияланған.  

Баяндамашының айтуынша, әлі күнге бұл жұмыстарды бастамаған нысандар да бар. Бұл Кербұлақ және Қаратал аудандарына қатысты.

Рустам Әли аталған аудандарда жұмысты ширатуды, сол сияқты  облыста орналасқан барлық әлеуметтік нысандардың мүгедектігі бар адамдарға қолжетімділігі қыркүйекке дейін қамтамасыз етілуі қажеттігін ескертті. Сондай-ақ бейімдеу жұмыстары аяқталған нысандарды аудан, қалаларда құрылған мобильді топ мүшелері қабылдап алып, «Инвагов» порталына енгізіп отыруы тиіс.

Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, облыста орналасқан ішінара бейімделген нысандарды толық бейімдеу үнемделген қаржы есебінен жүргізілетін болады.

Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мүгедектігі бар адамдарға инфрақұрылым нысандарының қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін қаражат бөлінген нысандардағы жұмыстардың барысына тұрақты түрде мониторинг жүргізуді жалғастырмақ.

Еске салсақ, «AMANAT» партиясының «Өзгеріс жолы: әркімге лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасын орындау аясында мүгедектігі бар адамдардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған іс-шараларды іске асыру бойынша Жол картасының 84-85-тармақтарына сәйкес, облыста мүгедектігі бар адамдарға инфрақұрылым нысандарының қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін 5 жылда 1123 нысанға бейімделу жұмыстары жүргізіледі деп жоспарланған.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.