Жетісу облысы Сарқан ауданында сортты сынау станциясы жұмыс істейді. Қазіргі кезде 19 түрлі дәнді, дәнді-бұршақты және майлы дақылдар, жемшөп, жаздық және күздік дақылдар сынақтан өткізілуде. Бұл - негізінен Қазақстан, Ресей, Сербия, Украина, Түркия, Болгария, Франция, Канада және басқа елдердің ғалымдары өсірген жүгері, күнбағыс, соя, бидай, арпа, сұлы сияқты дақылдар. Станция алаңында тек сынақтар ғана емес, сонымен қатар отандық және шетелдік селекцияны жаңа әзірлемелерінен кейінгі аудандастыру жұмыстары жүргізіледі. Бұл іс, мамандардың айтуынша, инфекциялар мен зиянкестерге қарсы төзімділікті арттыруға, өнімділікті ұлғайтуға мүмкіндік береді. Дала күнінде осы және басқа да тақырыптарды шаруалар мен ғалымдар бірлесе талқылады, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Дала күні - заманауи ауыл шаруашылығы технологияларын, селекциялық жетістіктерді, заманауи жоғары өнімді техниканы, зертханалық құрал-жабдықтарды таныстырудың тиімді алаңы. Сонымен қатар семинар ауыл шаруашылығы министрлігінің, фермерлер қауымдастығының, несие ұйымдарының өкілдерімен, экспорттаушылармен, сондай-ақ минералды тыңайтқыштарды, жаңа техниканы әзірлеушілермен және сатушылармен байланыс орнатуға мүмкіндік береді. Оған қоса бұл отандық және шетелдік фермерлер арасындағы тәжірибе алмасу мен іскерлік байланыстарды дамыту үшін қолайлы шара.
- Біз мұндай іс-шараларды дәстүрлі түрде өткіземіз. Дала күні әрбір облыста да бар. Мұнда өз сорттарын сынауға ұсынған ғалымдар мен өтініш берушілер ауыл шаруашылық тауар өндірушілерімен диалог жасай алады, сорттық технология көрсетіледі, жаңа өнімдер қандай, бұл сорттың қандай ерекшеліктері бар, олар осы аймаққа сәйкес келе ме, жоқ па, осындай маңызды тақырыптар талқыланады. Бізде 70 сорттық учаске бар және олар әртүрлі аймақтарда орналасқан. Әрбір сорт әр аймақта өзін әр қырынан көрсетеді. Мысалы, Сарқан ауданында қазір КИЗ селекциясының дәнді дақылдарының сорттары сыналуда. Алыс шетелдердің жемшөп және сыра қайнату бағытындағы сорттары да бар. Олардың ішінде арпаның «Планета» деп аталатын француз сорты, отандық жалаңаш тұқымды сұлыны атауға болады. Ол тағамдық мақсаттарға көбірек пайдаланылады. Шынында да оның өнімділігі төмен, бірақ азық-түліктік сапасы жағынан әлдеқайда жоғары және пайдалы тамақ өнімдерін өндіруде қолданылады, - дейді Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ауыл шаруашылығы дақылдарын сынау жөніндегі мемлекеттік комиссиясының төрағасы Талғат Әжғалиев.
Мысалы, зерттеулер көрсеткендей, «Бесағаш» және «Димаш», сондай-ақ украиналық «Снегурка» күздік бидай сорттарының желімшесі мен шыны тәріздестік қасиеті аса жоғары болып келеді. Бұл ұн тарту ісіндегі сапаның шешуші қасиеттері саналады. Бұл түрдің өнімділігі богарада да 50 ц/га көрсетеді. Осы ретте канадалық сояның «Киркленд» және «Ривертон» сорттарын сынау да сәтті болды. Салыстырмалы түрде айтқанда, өнімділігі бірдей бола тұрып, олардың құрамында бұрын өсірілген сорттардың 40%-ға жуық майы бар.
Технология саласында да жетістіктер біршама. Мысалы, қазір зиянкестерден қорғау үшін бір гектар алқапты өңдеуге небары 5-6 минут уақыт кетеді. Бұл туралы семинарға қатысушы, өсімдіктерді қорғау және карантин ҚазҒЗИ енгізу және коммерцияландыру бөлімінің меңгерушісі Ринат Фазылбеков ауыл шаруашылығында дрондарды пайдалануды тәжірибе жүзінде көрсете отырып айтып берді.
«Ауыл шаруашылығында біз дрондарды дақылдарды зерттеу үшін қолданамыз. Мысалы, дрондарды егістіктен өте төмен қашықтықта «іліп қоюға» болады. Одан алынған айқын кескінді бірнеше есе үлкейтіп, ықтимал зиянкестер мен ауруларды оңай анықтауға болады. Содан кейін сол дронға 4 бүріккіш бекітіледі. Бұл техниканың артықшылығы сол, оған дизель отыны қажет емес және жергілікті аймақтарды өңдеуге болады. Бұрын бұл іске шағын авиация қолданылатын. Ал қазір бұл жұмысқа тартылатын адам ресурстарының мөлшерін азайта отырып, өңдеуді сапалы атқаруға болады. Бұл шаруалардың өнімділікті арттыруына, аурулардың алдын алу үшін пайдаланатын химиялық заттар мен минералдарды айтарлықтай үнемдеуге мүмкіндік береді», - деді Р.Фазылбеков.
Семинар барысында аграршылар басқа да техникалық және ғылыми жаңалықтармен танысып, тәжірибе алмасып, іскерлік байланыстарды жаңартты.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.