«Саламатты Қазақстан» пойызы жетісулықтарға қызмет көрсетті

«Саламатты Қазақстан» пойызы жетісулықтарға қызмет көрсетті

«Саламатты Қазақстан» пойызы Жетісу облысының 5 ауданында 6 елді мекенді қамтыды. Соның ішінде Панфилов ауданындағы Айдарлы ауылында, Көксу ауданының Көксу стансысында, Қаратал ауданының Кәлпе стансысында, Сарқан ауданының Лепсі стансысында, Алакөл ауданының Бескөл және Достық стансыларында тұрғындарға медициналық және заңгерлік кеңес қызметтерін  көрсетті.

Делегация құрамында медицина мамандары, медиаторлар, заңгерлер бар арнайы пойыз осы жылдың 5 мамырынан 23 мамыры аралығында облыс аумағында жүріп өтіп, халық үшін қабылдаулар өткізді.

Соның ішінде жалпы тәжірибедегі дәрігер, хирург, оториноларинголог, акушер гинеколог, невропатолог, уролог, стоматолог мамандар келушілерге консультация берді, қажеттілігіне қарай қаралушылардың ішкі органдары УЗИ-ге түсірілді, жүрекке электрокардиограммалық зерттеу диагностикасы жасалды.

Жалпы облыс бойынша 1865 адам қаралған, соның ішінде Панфилов ауданында – 113, Көксу ауданында – 368, Қаратал ауданында – 410, Сарқан ауданында – 470, Алакөл ауданында 504 адам көмекке жүгінген.

Жалпы саны 987 зертханалық және 543 инструменталды зерттеу жүргізілген, арнайы мамандардың  кеңесі берілгендер саны – 1140, соның ішінде 97 адам заңгердің кеңесіне жүгінген.

Заңгер және медиатор мамандарға жүгіну барысында тұрғындар алиментті өндіріп алу, әлеуметтік көмек тағайындау, мүгедектікке өту үшін медициналық комиссияға жолдама алу, баспана алу, жер телімін, жылжымайтын мүлікті заңдастыру сияқты мәселелер бойынша кеңес алды. Соның ішінде бірқатар мәселелер жергілікті әкімдердің қатысуымен шешімін тапты.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.