Қаратал ауданындағы бір округке қарасты үш бірдей ауылға аудан орталығынан қоғамдық көлік қатынай бастады, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Айту би ауылдық округі әкімі аппараты мен жеке кәсіпкер Қ.Исабаев, «СГЦ Қаратал» ЖШС басшысы Е.Ұрымбаевтың арасында меморандум жасалып, тиісті келіссөздер жүргізілген. Соның нәтижесінде аудан орталығы Үштөбе қаласынан Көкпекті, Қожбан, Айту ауылдары бағыттарына жолаушы тасымалдайтын автобус қатынасы жанданды. Қоғамдық көлік күніне 2 рет жүреді.
Автобус маршрутының алғашқы жолға шығу сапарын ресми түрде атап өткен ауылдықтар бұл істің көпшілік үшін пайдалы екенін айтты. Салтанатты шараға елді мекендер тұрғындарымен қатар округтік әйелдер кеңесінің төрайымы Гүлсім Есентайқызы, ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Абай Құрмашев, Ерболат Ұрымбаев қатысты. Енді округ тұрғындары аудан орталығына бару үшін такси жалдамай-ақ, қоғамдық көлікпен бара алады.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.