Алманың түп мекені - Жетісу өлкесі, мұнда өсетін Сиверс алма ағашы жер бетіндегі бүкіл алма атаулының атасы екенін көпшілік жақсы біледі. Сондықтан аса құнды генофондты сақтаудың маңызы зор. Осы мақсатта жыл сайын Жоңғар Алатауы ұлттық паркінің аумағында 30 га аумаққа жас көшеттер отырғызылады. Бүгінге дейін 66 800 Сиверс алма көшеті егілген, ал саябақтағы осы сорттың аумағы 4800 га. Бірнеше жылдан бері өткізіліп келе жатқан «Сиверс алма ағашының гүлдеуі фестивалі» ұлттық бренд ретінде алмақ бақтарын сақтап, көбейтуге бағытталған. Биыл оған Талдықорған, Алматы қалалары мен Алматы облысынан жалпы саны екі мыңнан астам адам қатысты, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Жылдағы дәстүр бойынша Сарқан ауданы Тополевка ауылының көрікті жерінде өткізілген экофестивальға экологтар, турфирма өкілдері, журналистер, блогерлер, жалпы туған табиғатқа бей-жай қарамайтын азаматтар барды. Іс-шараны «Visit Zhetysu» туристік ақпараттық орталығының, Сарқан ауданы әкімдігінің және облыстық туризм басқармасының қолдауымен «Жоңғар Алатауы» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі ұйымдастырды.
Фестиваль аясында Теректі өзенінің жағасына киіз үй типтес шатырлар тігіліп, қалашық жасалды. Аудан әкімі Ғалымжан Маманбаев қатысушыларды іс-шараның ашылуымен құттықтады. Қолөнершілер жәрмеңкесі, садақ атудан мастер-класс, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар, жергілікті шығармашылық ұжымдар мен отандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерттік бағдарлама ұйымдастырылды.
Осы күні келушілер теңіз деңгейінен 1300 метр биіктікте орналасқан Көктерек шатқалына саяхаттады. Мұнда олар жер бетіндегі ең көне алма ағаштарының қалай гүлдей бастағанына куә болды. Ұлттық парк қызметкерлерінің айтуынша, биыл алма ағаштарының өткен жылғыдай қарқынды гүлдеуі байқалмайды, себебі алма ағаштарының жыл аралатып демалуы табиғи нәрсе. Оған ауа райының қазіргі салқындығы да әсер етіп отыр, осыған байланысты әдетте мамыр айының басында белсенді гүлдейтін алма ағаштары ақшыл-қызғылт бүршіктерін енді ғана аша бастаған.
Ұлттық парк қызметкерлері ғылыми-танымдық экскурсия жүргізді. Олар Сиверс алма ағашын «Хауа ана» деп те атайтындықтарын айтты. Өйткені ағаштың бұл түрі 165 миллион жыл бұрын пайда болған, ол жер бетіндегі барлық алмалардың атасы саналады. Саябақтың аумағында ұзақ жасаған кәрі алма ағаштар да сақталған. Солардың бірі Қара өзен аймағында өсіп тұр, оның діңін қаусыра құшақтау үшін үш-төрт ересек адам қол ұстасуы керек. Мұндағы ең көне алма ағашы кем дегенде 300 жыл жасаған.
Ұлттық саябақ бірегей алма ормандарын, соның ішінде Сиверс, Недзвецкий алма ағаштарын, жалпы әлемдік маңызы бар генетикалық ресурстар көздерін сақтауға, қалпына келтіруге ерекше назар аударады. Қазіргі кезде Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына және Халықаралық табиғатты қорғау одағының Қызыл тізіміне енгізілген Сиверс алма ағашының жабайы жеміс екпелері ұлттық парктің жалпы алаңының 1,05% - дан астамын алып жатыр. Және олардың саны жыл сайын артып келеді.
«Жоңғар-Алатау» МҰТП бас директоры Марат Қабиевтің айтуынша, Сиверс алма ағашы саябақта 5 мың гектарға жуық аумақты алып жатыр.
- Жыл сайын біз осы сорттың көшеттерін 30 гектар жерге отырғызамыз. Жыл бойы біз өскіндерді жинап, өз питомнигімізде көшет өсіреміз. Мысалы, биылғы жылы көшеттер 31 гектарға отырғызылды. Біз жас көшеттерді баладай күтіп-баптаймыз. Барлығы 70 мыңға жуық жас ағаш отырғызылды, 150 гектардан астам жерді игердік. Осылайша Сиверс алма ағашынан орман дақылдарын қалыптастырамыз, - дейді М.Қабиев.
Ұлттық парк қызметкерлері Сиверс алма ағашының ерекше қасиеттерін де тізіп айтып берді. Олардың айтуынша, ағаштың тамыры өте терең, сондықтан ол -40 градустан +40-қа дейінгі температурада өсе береді, құрғақшылыққа төзімді, ауруларға төтеп бере алады және 300 жылға дейін өмір сүреді, ал мәдени алма ағаштары ұзақ өмір сүрмейді, оған қоса үнемі күтімді қажет етеді. «Біздің алма ағаштарымыздың әлемде теңдесі жоқ, сондықтан аса құнды биоматериалды сақтау - ортақ міндет», - дейді олар.
Атап өтсек, Сиверс алма ағашының гүлдеуі мәдени оқиға ретінде Жапониядағы сакураның гүлдеуінен бір мысқал да кем түспейді. Шынында да бүгінде тяньшандық жабайы алма ағаштарының 49%-ы Жоңғар Алатауының тауларында орналасқан. Жыл сайын Жетісуда өткізілетін экофестивальге жан-жақтан көптеген туристер келеді, тек індет кезінде біраз саябырлаған, дегенмен қазір жергілікті әкімдік фестивальға деген көпшіліктің қызығушылығы қайтадан артады деп үміттенеді.
- Фестиваль 2017 жылдан бері өткізіліп келеді. Осы уақыт ішінде біз жаяу да, атпен де саяхаттауға болатын 3 экологиялық маршрут жасадық. Екі қонақ үй салынды, киіз үйлер орнатылды. Оларға 30 адамға дейін сыяды. Пандемия кезінде жобалар тоқтатылды, енді оларды қайта бастаймыз, - деді Сарқан ауданының әкімі Г.Маманбаев.
Бүгінгі күні ұлттық парк аумағында барлығы 13 туристік және экологиялық маршруттар мен соқпақтар жасалған. Тарихи маңызы бар ерекше орындардың қатарында Үйгентастың бірегей қорым кешені, ежелгі петроглифтер, «Әулие тас» киелі тасы бар. Мұндағы ең биік шың – Семенов-Тянь-Шанский шыңы, теңіз деңгейінен 4622 м биіктікте, сондай-ақ теңіз деңгейінен 1630 м биіктікте орналасқан әдемі Жасылкөл көлі де осында.
Жалпы ұлттық парк аумағында барлығы 13 туристік саябақ салынды, ұлттық парктің ауданы 365 мың гектардан асады. Парк Жоңғар Алатауы тауларында орналасқан және аумағы бойынша еліміздің ұлттық парктер арасында 2-ші орында. Әкімшілік орналасуы жағынан саябақ Ақсу, Сарқан және Алакөл аудандарының аумағына созылып жатыр, соған сәйкес 3 филиалға бөлінген. Саябақтың фаунасына бауырымен жорғалаушылардың 8 түрі, құстардың кемінде 238 түрі, сүтқоректілердің шамамен 52 түрі, сондай-ақ сүйекті балықтар мен қосмекенділердің кемінде 2 түрі кіреді. Флорада жоғары сатыдағы өсімдіктердің 1600-ден астам түрі бар, олардың 76-сы эндемикалық өсімдік, яғни тек осы жерде ғана кездеседі. «Жоңғар Алатауы» паркінің бірегей фаунасы мен флорасын көруге жергілікті тұрғындар ғана емес, шетелдік туристер де қызығушылық танытады. 2022 жылдың өзінде Ұлттық саябаққа 2700-ден астам турист келген. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Жетісу облысында ақылы туристік-сауықтыру қызметтерінің көлемі 5,2 млрд. теңгеге жетті, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 1,3 есе көп, паркке келу барысында қызмет көрсетілген адам саны 325,7 мыңға жеткен.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.