Бүгін Талдықорған қаласында 7 Мамыр – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрылған күніне арналған салтанатты шара өтіп, әскерилерді облыс әкімі Бейбіт Исабаев құттықтады, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Б.Римова атындағы драма театрына жиналған Қарулы Күштер ардагерлері, интернационалист-жауынгерлер мен Талдықорған гарнизоны әскери бөлімдерінің әскери қызметшілеріне, арнайы және құқық қорғау органдары қызметкерлеріне ізгі тілегін білдірген облыс әкімі Бейбіт Исабаев:
- Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс күні бір-бірімен жалғасып, өзара сабақтаса тойлануында үлкен мән бар. Себебі бүгінгі жас сарбаз – кешегі батыр бабаларымыздың даңқты дәстүрін сақтаушы, жауынгерлік рухын жалғастырушы. Бүгін залда Семей полигоны, Чернобыль апаты, ауған, тәжік, таулы Қарабақ соғыстарының қатысушылары, Қарулы Күштердің ардагерлері қоғамдық ұйымдарының өкілдері арамызда отыр. Сіздердей жігері күшті, намысы биік, отаншылдық рухы берік айбынды азаматтар біздің өскелең жастарға әрдайым үлгі болуы керек. Әрдайым елімізде, бүкіл әлемде тыныштық орнап, бейбітшілік болсын. Баршаңызды мерейлі мерекемен құттықтай отырып, сіздерге мықты денсаулық, қажымас қайрат, толайым табыс, отбасыларыңызға бақ-береке тілеймін. Тәуелсіздігіміз тұғырлы, жұртымыз аман, заманымыз тыныш болып, еліміз өсіп-өркендей берсін! – деді.
Салтанатты жиында 16 әскери қызметші мен ардагерлер ұйымдарының мүшелеріне облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты табысталды. №18404 әскери бөлімінің сержанты Қасымбеков Ерік Құрмашұлы «Ел қорғаны» медалімен марапатталды.
Мерекелік шара жергілікті өнер ұжымдарының коцерттік бағдарламасымен жалғасты.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.