Көксу ауданында өнеркәсіп өндірісінің көлемі артты

Көксу ауданында өнеркәсіп өндірісінің көлемі артты

Көксу ауданында өнеркәсіп өндірісінің көлемі артты, бұл ретте Көксу қант зауытының өндіріс ауқымын ұлғайтуы оң ықпалын тигізген. Өткен жылы кәсіпорын 70 мың тонна қант өндірсе, биыл 100 мың тоннадан астам шекер шығарады деп жоспарлануда. Бұл ретте осы жылы ауданда жоспар бойынша 1350 га жерге қант қызылшасы себілуі керек болса, қазіргі кезде қызылша алқабының көлемі 1700 гектарға жеткен. Биылғы жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша 10,1 млрд. теңгеден астам сомаға өнім шығарылған, ал жыл соңына дейін ауданның өнеркәсіптегі өндіріс көлемін 40 млрд.теңгеге дейін жеткізу жоспарлануда. Бұл туралы бүгін облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың Көксу ауданының тұрғындарымен кездесуі барысында белгілі болды, - деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Халықпен кездесуде баяндама жасаған Бейбіт Исабаев облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі бағыттарына қысқаша тоқталып, алдыңғы кездесулерде аудан тұрғындары айтқан проблемалық мәселелерді шешу бағытында қабылданған шараларға ерекше назар аударды. Бүгінгі таңда тұрғындар қойған 17 сұрақтың 10-ы толығымен шешілді. Олардың біріншісі өткен жылы байқалған қант тапшылығына қатысты болды. Өңір басшысының айтуынша, бұл мәселені шешу үшін бірқатар пәрменді шаралар қабылданған, соның нәтижесінде күзде шамамен 380 мың тонна қызылша жинап, 45 мың тонна өнім алынады деп күтілуде, бұл ретте облыстың қажеттілігі - 11 мың тонна.

Ауылдық жерлерде әлеуметтік нысандардың тапшылығына байланысты мәселелер де шешімін тапты. Мәселен, тұрғындардың өтініші бойынша Қазақстанның 10 жылдығы ауылында биыл 100 млн. теңгеге блокты-модульді медициналық пункт салынады, ал 120 орындық жаңа мектеп алдағы оқу жылына өз есігін айқара ашпақ, бұл мектеп тамыз айында іске қосылуы тиіс. Қаратал ауылында бейімделген мектептің орнына 120 орындық жаңа мектеп салынуда. Құрылыс жұмыстары наурыз айында басталды. Жобаның жалпы құны - 1,8 млрд. теңге, биыл 600 млн. теңге бөлінді.

Өрт сөндіру деполары мен бекеттері Балпық би, Мұсабек, Ақтекше ауылдарында салынады. Осы мақсаттарға бюджеттен 232 млн. теңгеден астам қаржы бөлінді.

Газдандыруға қатысты да бірқатар мәселелер бар. Атап айтқанда, бүгінде 578 абоненттің 205-і газға қосылған. Мұқыры ауылын газға қосу ісі жалғасуда. Газға қосылу құны қазандықты есептемегенде 170 мың теңгеден аспайтын бағада реттелді, халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 20 пайыздық жеңілдік көзделген.

Сондай-ақ өткен жылдың тамыз айында Балпық би ауылындағы Қаблиса жырау көшесіндегі үш көп қабатты тұрғын үйдің қасбеті жөнделді. Тегін дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етуге көмек көрсетілді. Қалған мәселелер бойынша жұмыстар жалғасуда.

Өз сөзінде Бейбіт Исабаев жер қатынастары мәселелеріне егжей-тегжейлі тоқталды. Ол халыққа 76 мың гектардан астам жайылымдық жер қажет екенін, осыған байланысты ауданда жайылымдық жерлерді басқару жоспарын бекіту қажеттігін атап өтті. Бұрын берілген жер учаскелерін пайдаланбайтын немесе мақсатсыз пайдаланып отырған жер иелеріне қолданыстағы заңнама шеңберінде пәрменді шаралар қабылдау керек. Сонымен бірге аудан әкімдігіне қайтарылған жерлер мен босалқы жерлерді ауыл шаруашылығы айналымына тарту бойынша конкурстар өткізуді ұйымдастыру тапсырылды. Осы мақсатқа биыл облыстық бюджеттен 1,3 млн.теңге бөлінеді. Заңға қайшы әрекеттерді болдырмай, жер мәселелерін реттеу шаралары туралы халық арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту қажет.

Спикер ет-сүт шаруашылығын, ветеринариялық қауіпсіздікті дамыту шаралары жайлы да айтты. Жалпы ауданда мал басы өсіп, ет пен сүт өндірісі артқан. Бірақ қолданыстағы бордақылау алаңдары толық жүктелмейді. Ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау шаралары туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары нашар жүргізілуде. Мысалы, «Кең Дала» және «Агробизнес» бағдарламалары бойынша көктемгі егіс жұмыстарын атқаруға аудан шаруашылықтарына 248,5 млн.теңге сомасына 14 микрокредит берілген, ал облыс бойынша берілген микрокредит көлемі - 1,4 млрд. теңге.

Инвестиция тарту, әсіресе бюджеттен тыс, жеке инвестициялар тарту жұмысын күшейту керек. Жалпы, осы жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша тартылған инвестиция көлемі 580 млн.теңгені құрады. Ауданда биыл жалпы құны 755 млн. теңге болатын 5 жобаны іске асыру және 40-қа жуық жаңа жұмыс орнын құру жоспарлануда, оның ішінде 3 жоба – ауыл шаруашылығында.

Шағын және орта бизнесті дамытуға мемлекеттік қолдау шаралары көп септігін тигізуде. Мәселен, бүгінде ауданда 3,9 мың ШОБ субъектісі бар, онда 6,2 мыңнан астам тұрғын жұмыс істейді.

- Ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту – бұл маңызды міндеттің бірі. Оны ауыл шаруашылығы кооперациясы арқылы жүзеге асыру керек. Сол үшін «Ауыл аманаты» ауыл халқының табысын арттыру жобасы қолға алынды. Бағдарламаны іске асыруға республикалық бюджеттен 3,2 млрд. теңге бөлінді. Қазіргі уақытта облыста шағын кредитпен қамтуға 29 округ іріктелді, 3,3 млрд. теңгеге 530 әлеуетті қарыз алушыдан тұратын пул қалыптастырылды. Бұл ауылдық жерлерде атаулы әлеуметтік көмек алатын азаматтар мен жұмыссыздардың жұмыспен қамтылуына және олардың тұрмыс жағдайын жақсартуға оң әсерін тигізуге бағытталған. Көксу ауданында 928 жұмыссыз, 7149 өзін өзі жұмыспен қамтыған азаматтар бар, 144 отбасы жәрдемақы алады. Солай бола тұра бағдарламаға қатысушылардың саны әлі де аз. Бағдарлама аясында Көксу ауданының Балпық би, Жарлыөзек, Мұқыры, Лабасы ауылдық округтерінен небары 177,9 млн. теңгеге 23 микрокредит алуға өтінім берілген. Ауылдық округ әкімдеріне жобаның сапалы іске асырылуын қамтамасыз етіп, халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын кең көлемде жүргізіп, оған белсенді қатысу шараларын қабылдау қажет, - деп атап өтті Б.Исабаев.

Облыс әкімі халықты тұрғын үймен қамту мәселесіне де тоқталды.

- Азаматтардың қабылдау кезінде маған айтатын мәселелерінің дені - 70 % тұрғын үйге қатысты. Осы жылы ауданда қаржыландырудың әртүрлі көздері есебінен 10 мың шаршы метрден астам тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарлануда, соның 4,4 мыңы бюджет есебінен, дегенмен бұл іске демеушілерді де тарту керек. Облыс орталығында, бірқатар аудандарда меценаттар өз қаражаттары есебінен үйлер салып беріп жатыр, мұндай тәжірибені Көксу ауданында да енгізуі қажет. Бұл тұрғын үй мәселесін шешуге оң ықпал ететін шара болады, - деді Б. Исабаев.

Спикер өз сөзінде білім беру, денсаулық сақтау салаларын дамытудың қазіргі жайы мен жоспарлары туралы да баяндады. Жалпы Көксу ауданының инфрақұрылымын дамыту, соның ішінде газдандыру барысы туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Оның айтуынша, қазіргі кезде жалпы халқының саны 4,3 мың адамға жеткен Еңбекшіқазақ, Мұсабек ауылдары мен Көксу станциясында газ тарату желілерінің құрылысы жүргізілуде. Жұмыстарды осы жылдың маусым айында аяқтау жоспарланып отыр. Халық саны 10 мыңнан асатын 12 елді мекенде газ тарату желілерін салудың жобалары дайын. Қаратал, Мұқаншы, Нәдірізбек, Подхоз ПЧ-45 ауылдарында газ тарату желілерін салудың ЖСҚ-сын әзірлеу үшін облыстық бюджеттен 75 млн. теңге бөлінген. Құрылыс келесі жылы басталады. Сондай-ақ Балпық би ауылындағы 16 көппәтерлі тұрғын үйді газға қосу бойынша ЖСҚ әзірленуде, облыстық бюджеттен 33,5 млн.теңге бөлінді. Құрылысты келесі жылы бастау жоспарланып отыр, соның нәтижесінде 718 отбасы қауіпті газ баллондарының орнына табиғи газды пайдаланатын болады. Жалпы, 2022-2023 жылдары аудан бюджетінен инфрақұрылымдық, әлеуметтік нысандарды салуға және қайта жаңғыртуға 13,7 млрд. теңгеден астам қаражат бөлінді.

- Біз өзекті, облыс бюджетінен қомақты қаржы қажет ететін мәселелер бойынша әрдайым қолдауға дайынбыз. Ал күнделікті туындайтын ауыл ішілік тұрмыстық түйткілдерді өздеріңіз шешіп үйренулеріңіз керек. Мұндай мәселелердің бәрін дер кезінде жұртпен ақылдаса отырып қарастыру – жергілікті әкімдердің тікелей міндеті. Осындай істерге халықтың ішінен сайланған депутаттар, қоғамдық кеңестер, азаматтық белсенділер де атсалысуы тиіс. Проблемалық мәселелерді көтеру, шешу жолдарын халықпен бірге қарастыру бірінші болып блогерлерден емес, сіздерден шығуы керек. Әкімдер мен қоғамдық ұйымдар өзара бірігіп жұмыс жүргізіңіздер. Аудан әкімдері өз деңгейінде құзіретіне сәйкес жауапкершілігін ұмытпағаны жөн, - деді аудан әкімдеріне қарата облыс басшысы Б.Исабаев.

Егер мердігер ұйым мектеп, балабақша, емхана басқа да кез келген маңызды нысанды салу кезінде жауапсыздық танытса, онда дереу тиісті шаралар қабылдау қажет екенін де атап өтті:

- Алгоритмге сәйкес, заң бойынша қатаң әрекет ету керек. Алдымен сот арқылы мердігерді объектіні белгілі бір мерзімде аяқтауға мәжбүрлеу қажет. Екіншіден, бұл нәтиже бермесе, заңнамаға сәйкес айыппұл салынуы тиіс. Әрі қарай мердігерді жосықсыз деп тануға қол жеткізу және соңғы қадам -лицензиядан айыру. Көп мәселе мердігерлердің ар-ұжданына байланысты. Бірақ қандай да бір мерзім бұзылған жағдайда және құрылысты тапсыру қандай да бір кезеңге кешіктірілген кезде де шара қолдану керек, бұл мердігерлерге сабақ болуы тиіс. Әлеуметтік нысандар, тұрғын үй бюджет есебінен салынады, халық олардың біткенін күтеді. Сондықтан ешкімді аяудың немесе жалынып көндірудің қажеті жоқ, - деді облыс әкімі.

Бұдан әрі Бейбіт Исабаев залда отырған аудан тұрғындарының сұрақтарына жауап берді. Олардың көпшілігі инфрақұрылымды дамыту, жайылымдық жерлердің жетіспеушілігі, газдандыру, сумен қамту мәселелерін көтерді.

Мәселен, Ақшатоған ауылының тұрғыны ауылына газ қашан келетінін сұрады. Жауаптан белгілі болғандай, орталық газ желілері 2019 жылы тартылған, бірақ бірқатар себептерге байланысты, соның ішінде пандемияның салдарына газ тарату желілерінің құрылысы салынбаған. Қазір ауылды газдандыру жобасы толығымен дайын, мемлекеттік сараптамадан өткен. Республикалық бюджеттен қаражат ертерек бөлінсе, құрылыс биыл басталады, ал жоспар бойынша көгілдір отын 2024 жылдың мамыр-маусым айларында ақшатоғандықтарға берілетін болады.

Балпық би ауылындағы ата-аналар комитетінің төрағасы ауыл мектептерінің спорттық алаңдары мен стадиондарын жөндеуді сұрады. Облыс басшысы аудан әкімі М.Көлбаевқа спорт нысандарының жағдайына талдау жасап, мәселені анықтауды тапсырды. Егер жағдай шынымен күрделі болса, онда қолдау көрсетіледі, орташа жағдайда болса, онда жөндеу жұмыстарын алдағы бір-екі жылдың жоспарына енгізу керек.

Айнабұлақ ауылдық округінің тұрғындары көпірдің жай-күйіне алаңдайды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша өңірде қанағаттанарлықсыз жағдайда тұрған облыстық маңызы бар 15 көпір анықталған. Оның 5-еуі биыл жергілікті бюджет қаражаты есебінен, ал қалған 10-ы республикалық бюджеттен жөнделеді. Айнабұлақ көпірін келесі жылы жөндеу жоспарланып отыр.

Мұсабек ауылдық округінің мал өсірушілері мал айдау үшін жайлаудың жеткіліксіздігін алға тартты. Бір бас малға есептелетін жайылымдық азықтың қолданыстағы нормасына сәйкес жайылым үшін учаске бөлуге көмек көрсетіледі. Малды сумен қамтамасыз ететін құдық та жөнделеді. Сондай-ақ Лабасы ауылдық округінде «Қазсушар» мекемесінің күшімен суармалы су проблемасы шешіледі, мамандар бұл мәселені вегетациялық кезең басталғанға дейін шешіледі деп уәде беріп отыр.

Ал Балпық би ауылының тұрғыны ауылдағы қоқыс шығаратын компания бар болғанымен, бей-берекет қоқыс үйінділерінің көбейгенін айтып шағымданды. Жиында белгілі болғандай, мұндай қызметпен бір емес үш бірдей компания айналысады. Бейбіт Исабаевтың айтуынша, бұл мәселенің туындау себептерінің бірі компаниялар жұмысының тиімсіздігі, қоқыс контейнерлерінің жетіспеушілігі мен қоқыстың жиі шығарылуына байланысты. «Жиналған жер емес, шашылмаған жер таза болады» дегендей, қоғамдық мәдениет өсе түссе, бұл мәселе де шешілетін еді. Осы орайда аудан және ауыл әкімдеріне тиісті тапсырмалар берілді.

Ауыл ақсақалдарының бірі блогерліктің белең алуы қазіргі жастарға кері әсерін тигізіп отырғанын атап өтіп, осыған қандай шаралар қабылданатынын сұрады.

Сұраққа жауап берген Б. Исабаев:

- Ашық демократиялық қоғамда пікірлер плюрализмі болуы заңды. Дегенмен әділеттілік принципінің болуы аса маңызды. Сын мен сыншылдық – екеуі екі бөлек нәрсе. Егер сын шын болса, онда ол түйінді мәселелердің шешілуіне ықпал етеді. Ал егер жақсылықтарды елемей, үнемі бәрін тек теріс жағын көретін болса, онда оның пайда әкелуі неғайбыл. Қазір көптеген әлеуметтік желі қолданушылары қоғамға, өз туған жеріне пайдамды тигізейін деп емес, тек «хайп» қуып, өздерін жарнамалауға, көбірек жазылушылар тартуға, рейтингісін көтеруге, яғни жарнамадан көбірек ақша табуға тырысады. Кәсіби журналистер бір мәселені көтеру үшін тұтастай зерттеу жүргізеді, мәселені әр қырынан зерделейді. Олардың құқықтары мен міндеттері Заңмен белгіленген, сондықтан олар өз ісіне жауапкершілікпен қарайды. Осыған байланысты қазір БАҚ туралы заңға блогерлердің мәртебесін анықтайтын өзгерістер енгізілуде. Бұл мәселеде әкімдердің жергілікті жерлердегі жұмысы да аса маңызды. Өңірдегі проблеманы неге бірінші болып блогерлерден, әлеуметтік желі қолданушыларынан естуіміз керек?! Жергілікті әкімдер барлық мәселелерден хабардар болып, туындаған проблемалар мен олардың шешімі жайлы ашық, жария түрде айтып отыруы тиіс. Әрине, әлеуметтік желінің бір қолданушысының пікірі бүкіл аудан тұрғындарының пікірі емес, санаулы блогерлердің пікірі бүкіл облыс тұрғындарының пікірі деген сөз емес. Сондықтан барлық мәселеде объективті, әділ болып, заң шеңберінде қатаң әрекет ету керек, - деп сөзін қорытындылады облыс әкімі Бейбіт Исабаев.

Сонымен қатар Көксу ауданына жұмыс сапары аясында Бейбіт Исабаев азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Осы күні тұрғын үйлердің, әлеуметтік нысандар құрылысының барысымен танысты, сондай-ақ қызылша өсірушілермен кездесіп, өңірдің қант саласын дамытудың өзекті мәселелерін бірге талқылады.

 

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.