Наурызда үздік келін анықталды

Наурызда үздік келін анықталды

Жетісу облысы Сарқан ауданында Наурыз мерекесіне орай келіндер сайысы өтті. Жас келіндер өз шығармашылық қабілеттерін, аспаздық шеберліктері мен ұлттық дәстүрлерді қаншалықты білетіндіктерін көрсетті, - деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі Жетісу.

Бес кезеңнен тұратын байқауға он келін қатысты. Бірінші турда олар өздерінің шыққан тегі, халқымыздың әдет-ғұрыптары туралы айтты. Екінші кезеңде олардың шығармашылық қабілеттері сынға түсті. Яғни қатысушылар өздерін сахнада ұстау әдебі мен музыкалық өнерлерін ортаға салды. Сол сияқты қазылар алқасы олардың дайындаған тағамдарының дәмін де сарапқа салды. «Сұрақ-жауап» кезеңінде келіндер қазақтың ұлттық салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары туралы сауалдарға жауап берді. Соның ішінде қонақ күту, табақ тарту рәсімінің жай-жапсарын айтып берді

Сарқан ауданы әкімдігінің мәліметінше, байқау отбасы құндылықтары мен ұлттық дәстүрлерімізді қайта жаңғыртуды мақсат еткен.

- Біз ұйымдастырушы ретінде жас буынға өнегелі әрі заман талабына сай келін қандай болу керектігін көрсеткіміз келді. Ондай үлгілі келіндер Сарқанда аз емес. Олар бірінші кезекте шаңырағының берекесін сақтаушы,  өзін кәсіби тұрыда дамытушы, өзін жан-жақты жетілдіруші. Бұл ретте келіндердің ұрпақтар арасындағы сабақтастықты үзбей, ұлттық салт-дәстүрлер мен құндылықтарды көздің қарашығындай сақтауы тиіс. Отбасылардың босағасы берік, жастар бақытты болуы үшін де осындай игі дәстүрлер бізге аса қажет, - дейді Сарқан аудандық ішкі саясат, тілдерді дамыту және спорт бөліміндегі ұйымдастырушылар.

Байқау қорытындысы бойынша қатысушылардың бірқатары «Super келін», «Ибалы келін», «Парасатты келін», «Өнерлі келін», «Көрікті келін» номинацияларының жеңімпазы атанды.

Сарқан ауданы Лепсі ауылының тұрғыны Арай Әміртай Үздік келін атағын жеңіп алды. Бірінші орын бақалылық Жансая Қалимолдаға, екінші орын Сарқан қаласының тұрғыны Айгерім Елубайға, үшінші орын Черкасск және Шатырбай ауылдарының тұрғындары Айгерім Қужисбаева мен Қарлыға Қасымбайға берілді. Жеңімпаздарды аудан әкімі Ғалымжан Маманбаев марапаттады.

Ал Кербұлақ ауданында меценат көп балалы анаға төрт бөлмелі үйдің кілтін сыйға тартты. Сарыөзек ауылындағы бұл үй «Спецстрой Групп ЛТД» ЖШС директоры Әділбек Ертаевтың демеушілігімен сатып алынды.  Бес баланың анасы Дарынгүл Бакеева жерлестерін Наурыз мерекесімен құттықтап, демеушілерге ризашылығын білдірді. Бұл отбасын қос қуанышымен аудан әкімі Қанат Есболатов құттықтады.

 

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.