Талдықорғанда Наурыз күні мыңға жуық ағаш отырғызылып, мың жарым литр наурыз көже таратылды

Талдықорғанда Наурыз күні мыңға жуық ағаш отырғызылып, мың жарым литр наурыз көже таратылды

Ұлыстың Ұлы күнінде Талдықорғанда мыңға жуық қылқан жапырақты ағаш отырғызылды. Мерекеге келген қалалықтар мен қала қонақтарына мың жарым литр наурыз көже мен алты жүз кг палау, жарты тонна бауырсақ таратылды. Осы күні қазақша күрестен «Талдықорған барысы» өткізіліп, жүлде қорына 1 млн. теңге берілді, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.  

Талдықорғандағы «Наурыз – берекем, Наурыз - мерекем» атты думанды күн бұлақтың көзін ашу рәсімен басталды. Жалпыреспубликалық «Таза табиғат» акциясының аясында «Жеңіс» саябағына мереке қонақтары, ақсақалдар мен зиялы қауым, «Жасыл ел» штабының өкілдері мен қала белсенділері жалпы саны мыңға жуық ағаш отырғызды. Ал биылғы жылы облыста жалпы саны 93 мыңнан астам ағаш отырғызылады деп жоспарланып отыр.

Наурыз күнінің басты оқиғасы - Б.Римова атындағы драма театрының алаңында Ұлы Абайдың ескерткіші ашылып, көпшілік Жетісу өңірінің рухани өміріндегі ерекше жаңалыққа куә болды.

«Жастар» саябығында орнатылған «Наурыз ауылында» қазақ халқының салт-дәстүрлері көрініп тауып, тұсау кесу рәсімі, беташар т.б ғұрыптар көпшіліктің назарына ұсынылды.  

Осы күні саябаққа келген жетісулықтарға бауырсақ, Наурыз көже, палау таратылып, қайырымдылық пен бауырмалдық паш етілді. «Шеберлер ауылында» ұлттық қолөнер бұйымдарының көрмесі, «Достық ауылында» этно мәдени орталықтардың ұлттық тағамдары мен мерекелік концерті ұйымдастырылды. Сол сияқты кәсіби және әуесқой спортшылар қол күрес, арқан тартыс, тоғызқұмалақ, түйе палуан т.б. түрлі ұлттық спорт ойындарының көрігін қыздырды. Қазақша күрестен «Талдықорған барысы» додасы өтіп, 1 орынды иеленген Руслан Абдразақовқа 500 мың теңге, 2-ші орын алған Жаныбек Дүйсембаев 300 мың теңге және 3-ші орынға ие болған Елдар Мұқанға 200 мың теңге жүлде берілді.

Қаладағы мейрамханалар Наурыз алаңында қазақтың ұлттық тағамдарының түр-түрін жасап, ұсынды. Жастарға арналған фестивальдар да мерекенің шырайын кіргізді. Саябақ сахнасында облыстағы би ұжымдары халыққа салт-дәстүрге байланысты түрлі музыкалық-хореографиялық би көріністерін қойды.  

Мерекеге жиналған қауымды облыс әкімі Бейбіт Исабаев құттықтады. Ол өз сөзінде Ұлыс мерекесі халықты біріктіретін, қоғамды ұйыстыратын ұлы құндылық екенін тілге тиек етті. Ұлыс күніндегі бұлақтың көзін ашу, тал егу, аула тазалау секілді қоршаған ортаға қамқорлық таныту игі үрдісінің қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыруға зор ықпал ететін баса айтты. Осы орайда жетісулық жастардың бірқатар экологиялық бастамаларын, еріктілердің табиғатты қорғаудағы белсенділігін атап өткен облыс басшысы:

- Әрқайсымыз ауланың іші ғана емес, сырты да, көше де, қала да, дала да өзіміздікі екенін, оған өз үйімізге қарағандай қамқорлықпен, жауапкершілікпен қарау керектігін айқын сезінуіміз қажет. Тазару ең алдымен ішкі дүниемізден басталады. «Айналаңды өзгертемін десең, бірінші өзің өзгер», - деген тәмсілдің мәні осында жатыр. Адамды жаңаруға, бойын да, ойын да, ниетін де таза ұстауға талпындыру – бұл Наурыздың ұлы философиясы. Мерекенің осы терең тағылымы бүгінгі жаңа Қазақстанды құрудың асыл мұраттарымен, айқын мақсаттарымен астасып жатыр, - деді.

Наурыздың қайырымдылықты, өзара құрмет пен тілектестікті паш ететін үлгілі үрдісінің бүгінде Жетісу жерінде үзілмей жалғасып келе жатқанына тоқталды. 

«Қашанда қайырымдылықтың үлкен-кішісі болмайды. Үлкенге қолқабыс ету, кішіге жәрдемші болу, бір-біріне жанашырлық жасау, жанның жылуын, жүректің мейірімін таныту – жомарттықтың белгісі. Осындай ізгі ниеттегі әрбір адамды қоғамды алға сүйреуші, қозғаушы күш деп білеміз. Береке-бірлігімізді еселеп, қоғам күтіп отырған жаңа, игі өзгерістерге бірге жетейік. Наурыз әр шаңыраққа молшылық пен құт әкелсін, қызыр дарып, бақ қонсын! Отбасыларыңызға амандық, бақыт тілеймін. Еліміздің мерейі әрдайым үстем болсын», - деді Бейбіт Исабаев.

Мұнан әрі сахнаны Қазақстан эстрадасының өкілдері, облыстағы өнер ұжымдары ән мен күйге бөледі.

Ұлыс мерекесін Талдықорғаннан бөлек өңірдің аудан-қалаларында да кеңінен атап өтілуде. Мәселен, Көксу ауданында аламан бәйге, көкпар, қазақша күрес сияқты іргелі ұлттық ойындар ұйымдастырылып, бұл додаларға меценаттар 10 млн. теңге бәйге тігіп отыр. Сарқан қаласының орталық алаңында 200 метрлік дастархан жайылып, келіндер арасында байқаулар өткізіледі.  Жалпы өңірдің әр қиырында Наурыз күні жүзге жуық ақшаңқан киіз үйлер тігілді.  

 

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.