Текелі қаласының негізгі проблемаларының бірі - апатты үйлердің мәселесі келесі жылы толығымен шешіледі. Сол сияқты сапалы ауыз су мен газға қол жеткізу мәселелеріне де басымдық беріліп отыр. Бұл туралы бүгін Текелі қаласының тұрғындарымен кездесуі кезінде облыс әкімі Бейбіт Исабаев айтты, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Халықпен кездесуінде жасаған баяндамасында облыс әкімі моноқаланың негізгі күрделі мәселелеріне тоқталды.
Мәселен, өткен жылы 9 апатты үйде тұратын тұрғындарды көшіру үшін 54 пәтер сатып алынды. Биыл тағы 104 пәтер сатып алу үшін 874 млн. теңге бөлінді. Апатты үйлерден тұрғындарды көшіру жұмыстары 2024 жылы аяқталады. Сонымен қатар кезекте тұрғандар азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша 2022 жылы облыстық бюджеттен бөлінген 569,7 млн. теңгеге 40 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы басталған. Бұл үйді осы жылдың мамыр айында кезекте тұрғандарға беру жоспарланып отыр.
Ауыз су проблемасы - ондаған жылдар шешімін таппай келе жатқан мәселенің бірі. 2022 жылы республикалық бюджеттен 416,2 млн. теңге бөлініп, инженерлік желілердің құрылысы басталған. Су құбырлары мен ғимараты құрылысын толық аяқтау үшін осы жылы республика бюджетінен қажетті қаржы бөлінеді. Бұл мәселе жеке қабылдауда да, залдағы кездесу барысында да көтеріліп, осы ретте Бейбіт Исабаев ауыз су сапасын жақсарту шаралары туралы егжей-тегжейлі айтып берді.
Кездесуде облыс әкімі қаланы газдандыруға өткен жылдың қазан айында республикалық бюджеттен 1 млрд. теңге бөлініп, ішкі газ тарату желілерінің құрылысы басталғанын жеткізді. Осы жылы газ құбыры құрылысына 1,9 млрд. теңге қарастырылып отыр.
Жалпы Текелі қаласының жолдарын жөндеу мен күтіп ұстауға 2022 жылы 321,4 млн. теңге бөлінген болатын. Биыл осы мақсатқа 645,6 млн. теңге бағытталды. Оған ұзындығы 14,2 шақырым болатын қалаішілік жолдарға орташа жөндеу жасалатын болады.
Білім беру саласында Текелі қаласының №3 орта мектебін сейсмикалық күшейте отырып, күрделі жөндеу жасалады, құжаттамасы мемлекеттік сараптамадан өтуде. Сондай-ақ, №2 психологиялық-педагогикалық түзету кабинетін күрделі жөндеу де жоспарда бар. Бұл объектілердің жөндеу жұмыстары келесі жылы басталады деп жоспарлануда. Медициналық қызмет сапасын жақсарту, спорт пен мәдениет салаларын дамыту бағытындағы жұмыстар жалғасады.
- Осы жылға Текелі қаласына инфрақұрылымдық, әлеуметтік нысандарды салуға және қайта жаңғыртуға бюджеттен барлығы 6,6 млрд. теңгеден астам қаражат бөлінді. Қала әкімдігі бөлінген қаражаттың уақтылы игерілуін және нысандардағы жұмыстардың сапалы атқарылуын, дер кезінде қолданысқа берілуін қамтамасыз етуді тапсырамын, - деді Б.Исабаев.
Осы күні облыс әкімі Текелі қаласы тұрғындары үшін жеке қабылдау өткізді. Қабылдауға келген азаматтардың ішінде сапалы ауыз су, көп қабатты үйлердің ауласына кіреберіс жолдарды жөндеу, арық жүйесін салу мәселелерін көтергендер де болды. Бұл орайда қала әкімі Алмас Әділдің айтуынша, Текелідегі 44 көп қабатты үйдің 30-ының кіреберіс жолдары тозып кеткен, оларды жөндеуге конкурс жарияланған. Бейбіт Исабаев бұл мәселені кезең-кезеңімен шешуді тапсырды. Алдымен жолдары әбден ескірген 30 үйдің, кейін қалған көп қабатты үйлердің жолдарын, сосын арық жүйелерін ретке келтіру керектігін айтты.
Қабылдауда Қатипа Шайзатова Металлург және Горняцкий шағын аудандары тұрғындарына 1 ғана дәрігерлік амбулатория қызмет көрсететінін, оның өзі кітапхананың бейімделген ғимаратында, 120 шаршы метр жерде отырғанын жеткізді. Ал екі шағын ауданның арасы 10 шақырымнан асады. Сондықтан тұрғындардың екі шағын ауданға екі бөлек медициналдық мекеме болса деген тілегі бар. Облыс әкімі мүмкіндігіне қарай блокты-модульді медпункт салу жағынан қарастыру керектігін айтты. Алдымен медпунктті он шақырымнан қатынап отырған Горняцкий шағын ауданына салу керек. Металлург шағын ауданындағы қазіргі қолданыстағы дәрігерлік амбулатория уақытша қызмет көрсете береді, онда медицина нысанын жаңадан салу келесі жылдың жоспарына енгізілмек. Дегенмен мәселенің егжей-тегжейін анықтау үшін арнайы мамандар ғимаратқа барып, зерделеу жасауы тиіс.
Қабылдау барысында Рудничный ауылындағы орта мектепке күрделі жөндеу, медициналық қызмет сапасын жақсарту, таудағы топырақ жылжуының алдын алу сияқты мәселелер де сөз болды.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.