Бейбіт Исабаев Ақсу ауданының азаматтарына жеке қабылдау өткізді

Бейбіт Исабаев Ақсу ауданының азаматтарына жеке қабылдау өткізді

Бүгін Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев Ақсу ауданына жасаған жұмыс сапары барысында азаматтар үшін жеке қабылдау жасап, тұрғылықты халықпен кең көлемді кездесу өткізді. Сонымен қатар Жансүгіров ауылындағы тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстарының барысымен танысты. Мұнда қазір 10 коттедж үй мен 50 пәтерлік тұрғын үй салынып жатыр. Олардың бәрі де кезектегілерге беріледі. Үйлердің сапалы салынуына қатаң талап қойылып отыр. Құрылыс барысындағы айтылған барлық сын-ескертпелерді ескере отырып, жалгерлік үйлерді пайдалануға беру осы жылдың мамыр айына белгіленген. Атап өтсек, қазіргі кезде ауданда тұрғын үй кезегінде 800-ден астам адам тұр, салынып жатқан тұрғын үйлер берілгенде кезектегілер саны 60 адамға азаяды. Ақсу ауданы тұрғындары үшін жер мәселесі де өзекті. Жер қатынастары саласындағы проблемаларды ақсулықтар жеке қабылдауда да, халықпен кездесу кезінде де көтерді, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Мәселен, аудан тұрғыны Марат Өмірбеков өткен жылдың желтоқсанында Матай ауылдық округіндегі жер учаскелерін беру жөнінде өткен конкурстың қорытындысына наразылық білдірді. Осыған байланысты ол сотқа  шағымданған. Оның айтуынша, өзінің 5000 га жері бар екендігі туралы ақпарат шындыққа сай келмейді. «Анамның шаруа қожалығы бар, мен оған көмектесемін, 1400 га жер бар, бірақ соның өзі жетпей жатыр. 700-ге жуық ірі қара мал, 200-ден астам ұсақ мал, 100-ге жуық жылқы бар. Сондықтан қосымша жер телімі ауадай қажет», - деді Марат Сембекұлы облыс әкімінен көмек сұрап. Сонымен қатар ол ауылдық округ әкімімен арада жанжалды жағдай орын алғанын жеткізді.

Облыс әкімі Б. Исабаев атап өткендей, фермердің талап арыз беруіне негіз бар, өйткені конкурсты өткізу барысында рәсімдік бұзушылықтар анықталған, ал комиссия құрамы Жер кодексінің талаптарына сәйкес келмеген. Бұл даулы іске сот нүкте қояды, сот шешімінен кейін ғана одан ары қарайғы іс-шаралар анықталатын болады. Егер сот конкурстың қорытындысын заңсыз деп таныса, конкурс қайта өткізіледі. Тұрғын айтып отырған ауылдық округ әкімімен арадағы жағдайға келетін болсақ, облыс әкімінің тапсырмасы бойынша мәселе барлық мән-жайларды анықтау үшін облыстық полиция департаменті мен прокурордың бақылауына алынды, егер айтылған фактілер дәлелденсе, тиісті шаралар қабылданады.

Осы конкурстың қорытындысына байланысты сұрақты Егінсу ауылының тұрғыны Назгүл Әдейбаева да қойды, ол конкурс қорытындысы бойынша 200 га жайылымдық жер алған. Бірақ оларды заңдастыру да, пайдалану да әлі күнге мүмкін болмай отыр.

Облыс әкімі бұл әлі жалғасып жатқан сот процесіне байланысты екенін айтып, мән-жайды түсіндірді. Яғни бұл орайда барлық мәселелерді сот шешеді. Сот отырысы ақпан айының соңында өтеді деп күтілуде.

Қызылағаш ауылының тұрғыны, «Дәрмен» ШҚ басшысы Серік Дарменов мал шаруашылығын дамытуға қажетті жер учаскесін 11 жылдан бері ала алмай келе жатқанын айтты. Фермерде 240 га бар, оның 172 га – жайылым, 70 – суармалы жер. 20 жылдан астам уақыт бойы ол қант қызылшасын егіп, мал өсіріп келеді. Бүгінде оның шаруа қожалығында тек ұсақ мал санының өзі 200-ден асады. Өткен жылы байқау өткізіліп, Қызылағаш ауылдық округінде 31 жер учаскесі берілген. Бірақ С. Дәрменов конкурсқа қатысқанымен, қалаған жеріне қол жеткізе алмаған, сондықтан мал жаятын жердің таршылығын әлі күнге көріп келеді.

Өңір басшысы жергілікті әкімдік пен жер қатынастары басқармасына қажетті құжаттарды дайындау мен бизнес-жоспар әзірлеуде тәжірибесі бар фермерге заңдылық пен ашықтықты қамтамасыз ете отырып заңгерлік көмек көрсетуді тапсырды. Келесі конкурс биылғы жылдың ІІ тоқсанында өтуі тиіс, онда 3 мың гектардан астам жер беру жоспарланып отыр, бұл шамамен 20-25 жер учаскесі деген сөз.

Ауданның тағы бір тұрғыны Айдана Баянова Қапал ауылында орналасқан 8,5 га жерді әкесіне қайтаруды сұрады. Олар бұл жерді 2017 жылдан бастап жалға алу арқылы пайдаланып келген екен. 100-ден астам ірі қара малы, сондай-ақ ұсақ малы да бар. Кезекті жер тексерісі барысында учаске иесінің мемлекеттік актісі ресімделмегені анықталып, жер автоматты түрде ауданның жер қорына қайтарылған. Бірақ бірнеше жыл бойы осы учаскені жалға алып келген фермерлер қиын жағдайда қалған. Осыған байланысты Бейбіт Исабаев қайта тексеру жүргізіп, бір апта ішінде фермерге нақты жауап беруді тапсырды.

А. Баянова көтерген екінші мәселе тұрғын үйге қатысты болды. Төрт бала тәрбиелеп отырған көп балалы ана кезек тізімінде 120-шы болып тұр. Кезекке 2019 жылы тұрған. Құрылыс қарқыны мен кезек ретіне қарағанда ол баспанаға 2024 жылдың аяғы мен 2025 жылдың басына қарай қол жеткізуі мүмкін.

Көкөзек ауылының тұрғыны қандас Қасылхан Мәуітхан зейнетақысын қайта есептетіп, мөлшерін өсіруге жәрдемдесуді сұрады. Оның айтуынша, жұмыс өтілі толық көлемде ескерілмеген. Осыған байланысты Еңбек және әлеуметтік қорғау комитеті департаментінің басшысына тиісті тапсырма берілді, ол өз кезегінде Қ.Мәуітханға осы мәселеге байланысты жасалуы тиіс қадамдарды түсіндіріп берді. Яғни мәселені шешу үшін алдымен ҚХР консулдығы, содан кейін Қазақстан конулдығы арқылы тиісті құжаттарды заңдастыру қажет. Бұл ретте Бейбіт Исабаев жеке сұрау салып, заң талаптарына сәйкес зейнеткерге көмектесуді тапсырды.

Аудан тұрғыны Гаухар Мейірбекова апатты тұрғын үй мәселесін шешуде көмек сұрады. Аудан әкімі Е. Базархановтың айтуынша, бұл мәселеге тиісті  қаражат бөлінген. Апатты үйлердің орнына берілетін 2 үй бар, сол сияқты барлық қажетті процедуралардан өткізіп, тағы 1 үй сатып алу керек. Апатты үйдің тұрғыны мамыр-маусым айларында жаңа әрі қауіпсіз пәтерге көшіріледі деп жоспарлануда.

Мемлекеттік қолдауға қатысты 2 кәсіпкер өтініш білдірді. Екеуі де бұрын өтеусіз гранттар алған. Енді бизнесті жүргізу үшін оларға тиісті ғимарат керек, қазіргі отырған ғимараттары апатты жағдайда, оған қоса бизнесті кеңейту үшін де жеңілдіктер жасалса деген өтініштерін білдірді. Бұл мәселелер облыстық кәсіпкерлік және индустриялық даму басқармасының бақылауына алынды. Мән-жайлар анықталғаннан кейін бір ай мерзімде өтініш берушілерге нақты жауаптар беріледі.

Облыс басшысы Бейбіт Исабаев барлық мәселелер назарға алынғанын атап өтті. Көтерілген өтініш-сауалдардың әрқайсысына қатысты қажетті тапсырмалар берілді. Ол, сондай-ақ, Ақсу ауданы үшін жер мәселесі ең өзекті екенін айтты. Оны Матай ауылдық округіндегі көзге ұрып тұрған жағдайлар мен даулы оқиғалар айғақтап отыр. Осындай жағдайларға жол берілуі - аудан әкімдігінің тікелей кінәсі, өйткені осы ауылдық округте жер учаскелерін бөлу конкурстары соңғы 6 жылда өткізілмеген, ал жер комиссиясының құрамы талаптарға сай емес. Осыған байланысты аудан әкімінің осы салаға жетекшілік ететін орынбасары мен аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы қызметінен босатылды.

«Бұдан былай мұндай заң бұзушылықтарға жол беруге болмайды. Барлығы қатаң түрде жер заңнамасы талаптарына сәйкес болуы тиіс. Заң аясында әділдікті қалпына келтіру керек», - деді облыс әкімі Бейбіт Исабаев.

 

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі