Жаңа жылға – жаңа нысан, жаңарған оқу кабинеттері

Жаңа жылға – жаңа нысан, жаңарған оқу кабинеттері

Жаңа жыл қарсаңында Жетісу облысында 120 орынды жаңа балабақша ашылды, сол сияқты ауыл мектептерінің бірі «Ауылдық жерлердегі тірек мектептердің әлеуетін дамыту» бағдарламасына енгізіліп, соның арқасында «Қазақстан Халқына» қорының қаржысы есебінен 22 оқу кабинеті мен қосымша білім беретін шеберханалардың құрал-жабдықтары жаңартылды, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Ескелді ауданы Қарабұлақ ауылы «Алақай» балабақшасын ашып, Балалар жылын жақсы қорытындылады. 1992 жылы салынған бұл ғимарат күрделі жөндеуден кейін жаңарып-жаңғырып шыға келді. Бұрын мұнда «Березка» балабақшасы болған, ол «Қарабұлақ қант зауыты» АҚ-ға қарайтын еді. Акционерлік қоғам өкілдері 2020 жылы ғимаратты ауданның коммуналдық меншігіне қайтарымсыз негізде өткізіп берді, кейін ол аудандық білім бөлімінің балансына берілді. Ғимараттың жалпы алаңы – 1043,1 шаршы метр. Бюджеттен күрделі жөндеуге 422,3 млн. теңге жұмсалды. Құрылыс-монтаж жұмыстарын «Шах Құрылыс компаниясы» ЖШС жүргізді. Балабақша барлық қажеттілікпен қамтылған, жиһаздары жаңаланған, ойыншықтар, музыкалық және спорттық жабдықтары түгел. Әр бөлме балалардың жасына сай жабдықталған. Балабақшада 3-тен 6 жасқа дейінгі балалар тәрбиеленеді. Бұл ретте балалардың тәрибесімен қатар, спортпен, муызкамен шұғылдануына жағдай жасалған. 27 жаңа жұмыс орны құрылған, 5 балалар тобы бар.

Ал Ақсу ауданы Жансүгіров ауылында материалдық-техникалық базаны нығайту, әдіснамалық көмек көрсету, оқушылар мен ұстаздардың тәжірибелік білімдері мен дағдыларын арттыруға мүмкіндік беретін «Ауылдық жерлердегі тірек мектептердің әлеуетін дамыту» бағдарламасы бойынша Е.Сиқымов атындағы орта мектептің 22 оқу кабинеті мен қосымша білім беретін STEM-зертхана, АРТ-студия, телестудия, коворкинг аумағы бар кітапханасының құрал-жабдықтары жаңаланды. Сол сияқты мектеп кітапханасының интерьері толық жаңартылып, спорттық инвентарьлар жеткізілді. Мұның бәрін «Қазақстан Халқына» қоры қаржыландырды. Оған шамамен 250 млн. теңге жұмсалды. Жобаның доноры - «Beeline Kazakhstan» компаниясы.

- Қазір балалардың тәрбиесі мен біліміне қойылатын талап бұрығыдан өзгеше. Балалардың жан-жақты дамуына, шығармашылық ізденісіне, ең алдымен баланың таланты мен қабілетін ескере отырып еркіндік берілуі тиіс. Жоба аясында «Назарбаев зияткерлік мектебімен» тәжірибе алмасудың, ынтымақтастықта жұмыс істеудің біздің мұғалімдер үшін пайдасы зор болды. Оқыту процесі оқушылар үшін де, мұғалімдер үшін де өз тиімділігін көрсетті, – дейді мектеп директоры Рахат Нығметбекқызы.

Білім беруді тұрақты дамыту қорының өкілдері осылайша Е.Сиқымов атындағы мектептің жақын маңдағы шағын мектептер үшін тірек мектепке айналғанын атап өтті. «Ең алдымен, Қазақстан халқының басым бөлігі ауылдық жерде тұратынын ұмытпауымыз керек. Сондықтан ауыл оқушылары қала балалары сияқты түрлі мүмкіндікке ие болуы тиіс. Бүгінде біз тірек мектептерді дамытумен айналысамыз, онсыз ауыл білімін көтеру мүмкін емес», – дейді Білім беруді тұрақты дамыту қорының директоры Данияр Тоқтарбаев. 

Еске салсақ, Е.Сиқымов атындағы мектеп-интернатта 402 бала оқиды, 55 педагог жұмыс істейді.

 

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.