Талдықорғанда автоволонтерларға алғыс айтты

Талдықорғанда автоволонтерларға алғыс айтты

 «Асар» жобасы іске асырылған жылдарда жетісулық автоволонтерлар 8 мыңнан астам қайырымдылық сапар жасаған, ал автоволонтерлардың саны 200 адамнан асып кетті. Тек соңғы жылдың өзінде ерекше қажеттілігі бар адамдарды тегін тасымалдауға қатысты 900-дей тапсырыс орындалған, соның 596-сы колл-орталық арқылы «400-400» жеке такси қызметі мен 301 – автоволонтерлар командалары арқылы іске асырылған. Жыл қорытындысы бойынша Жетісудың белсенді автоволонтерлары наградталды, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Жоба жетекшісі Елдос Баялышбаев:

- Көрші елдердің оң тәжірибелерін зерттей келе, бұл жобаны біз 2017 жылы бастадық. Содан бері еріктілер қатары, әлеуметтік жауапкершілікті сезінетін жүргізушілер саны тұрақты түрде артып келеді. Көліктің тізгінін ұстаған жандардың күнделікті бағытынан бір ауық басқа жаққа да бет бұрып, тасымалға зәру адамдарға көмек қолын созуы - үлкен азаматтық. Біздің негізгі мақсатымыз  – қаламызда ерекше қажеттілігі бар адамдарға тегін жәрдемдесу. Сол сияқты оған қоса мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа орналастыру мәселесі де мемлекеттің қолдауымен шешіліп келеді. Қалалық жұмыспен қамту орталығы арқылы олар келісімшарт шеңберінде жалақыларын алады. Осылайша біз бірлесе отырып, бір-бірімізге көмек қолын созып отырмыз. Жаңа жыл қарсаңында ең белсенді еріктілерімізді марапаттап, еңбегін атап өтуді жөн көрдік. Осы сәтті пайдаланып, «400-400» такси қызметінің директоры Шыңғыс Кенжеғұловқа  әріптестік байланыс үшін ризашылығымды білдіремін, - деді құттықтау салтанатында.

Мәселен, жыл бойы Мақсат Шәріпов барлық өтінімдерді пысықтап, 130 тапсырысты іске асырған. Сол сияқты 55 өтінімді Қалипа Ташкеева, 30-ын Әділ Исаханұлы, 25-ін Алмас Ниетбаев, 20-сын Нұрбек Тұрғанов орындаған. Оларға «Жылдың үздік автоволонтері» арнайы статуэткалары, алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыс етілді.

- Ерекше қажеттіліктері бар адамдарға автобуспен жүру қиындық туғызады. Оны жақсы түсінеміз. Сондықтан мүмкіндігінше көмектесуге тырысамыз, - деп дейді автоволонтер М.Шәріпов.

– 10 қайырымдылық сапар дегеніміз, бұл - отбасылық бюджет шығынын шамамен 10 мың теңгеге үнемдеу деген сөз. Яғни бұл - біздің тұрғындарға және «Инватакси» қызметіне көрсеткен қолдауымыз. Біздің автоволонтерлар демалыс күндері де жүреді. Барлығына алғысымды білдіремін және келе жатқан Жаңа жылмен шын жүректен құттықтаймын, - деп сөзін түйіндеді Елдос Баялышбаев.

Айта кетейік, «Асар Талдықорған» автокөлік көмегі ерекше қажеттіліктері бар адамдарды тасымалдаумен ғана шектелмейді. Шұғыл қажеттілік туындаған жағдайда, қоныс аударатын немесе жабдықтарды тасымалдауға мұқтаж адамдарға көмектесуге дайын еріктілерді іздеп табады. Қуанышты оқиғалар кезінде де қолдау көрсетуді ұмытпайды, перзентханадан шығарып алу, үйлену тойларында мерекелік кортеждерді тегін ұсынады. Бұл ретте автоволонтерлер жобасына жеке көлігі бар және өтеусіз көмекке аздаған уақытын бөле алатын кез келген адам қатыса алады. Ол үшін жобаның Instagram-дағы Avtovolonteri_asar tdk. парақшасында көрсетілген нөмірдегі уатсапқа қоңырау шалуға немесе жазуға болады. Жобаның байланыс орталығы: 8 700 427 34 94, 8-7282-40-18-33. Колл-орталықтың нөмірлеріне келіп түсетін өтінімдерді жоба диспетчерлері Индира Ахметова, Гүлжан Қалдай, Аружан Мырзағалиева қабылдайды.

Жалпы 2014 жылдан бастап Жетісу облысында ерекше қажеттіліктері бар адамдарды тасымалдау қауіпсіздігінің сапасы мен қоғамдық ортадағы қолжетімділігін арттыру үшін қызметі жергілікті бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылатын «Инватакси» жұмыс істейді. Бұл қызмет барлық аудан орталықтары мен Талдықорған және Текелі қалаларында бар. Бүгінде өңірдегі Инватаксилердің саны 20-ға жеткен. Жыл басынан бері 1700-ден астам қызмет алушыларға 70 мыңға жуық қызмет көрсетілді. Бұл ретте Инватакси автопаркін жаңарту мақсатында келесі жылы барлық қажетті құралдармен жабдықталған 10 жаңа автокөлік сатып алу жоспарлануда, оның 5-уі Талдықорған қаласына сатып алынады. Бұдан басқа, «Samruk-Kazyna Trust» корпоративтік қоры есебінен облысқа тағы 3 инватакси беру жоспарлануда. Осылайша, инватакси автопаркінің ескіруі мен көлік жетіспеушілігі мәселесі шешілетін болады.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.