Халықаралық қарттар күні: Жетісуда онкүндік басталды

Халықаралық қарттар күні: Жетісуда онкүндік басталды

Жетісу облысында Халықаралық қарттар күніне орай онкүндік басталды. Онкүндік аясында қарт адамдарға және мүгедектігі бар азаматтарға арналған мерекелік, әлеуметтік және қайырымдылық бағыттағы жұмыстар жүргізіледі, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

- Өңірдің аудан-қалаларында онкүндік аясында 40-қа жуық негізгі ірі мерекелік іс-шара өткізіледі. Одан бөлек қарттарды қолдау шараларына ерекше көңіл бөліп отырмыз. Бұл шараларға жергілікті жерлерде мәдениет, спорт, әлеуметтік қорғау мекемелері, қоғамдық ұйымдар, кәсіпкерлер, жастар белсенді қатысады деп жоспарланған, - деді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ермек Мизамбаев.

Мәселен, Талдықорған қаласында жалғызбасты қарттардың үйлеріне азық-түлік жиынтықтарын апарып табыстау, «Қарттарға көмек» акциясы аясында жалғызбасты қарттардың аулаларын, пәтерлерін тазалауға және тұрмыстық жұмыстарға көмектесу, саябақта серуендету, қарттардың өмір жолы, еңбек тәжірибесі және естеліктері туралы әңгіме-сұхбат ұйымдастыру сияқты бірқатар шаралар қарастырылған.

Ал Кербұлақ ауданында қарт адамдардың қысқы отындарын дайындауға көмектесу, жеке кәсіпкерлермен келісе отырып қарияларға монша, шаштараз, киім және аяқ киім жөндеу қызметтерін тегін ұйымдастыру, медициналық көмек қажет ететін қарттар мен мүгедектерге арналған медициналық тексеруден өткізіп, көмек алуларына жәрдемдесу, мүгедектігі бар адамдар үшін аудандық ауруханада «Ашық есік күнін» өткізу сияқты игі шаралар өткізу жоспарланып отыр.

Басқа аудан-қалалар да осындай мазмұндағы шаралар он күн көлемінде өткізіледі. Атап өтсек, онкүндік 10 қазанға дейін жалғасады.

Жалпы, Жетісу облысында 98 мың зейнеткер бар. Өңірде 6 белсенді ұзақ өмір сүру орталығы жұмыс жасайды. Бұл мекемелерде зейнет жасындағы азаматтар үшін спорттық және мәдени демалыс ұйымдастыруға, олардың цифрлық сауаттылығын арттыруға, психикалық саулығын нығайтуға барлық жағдай жасалған. Аталған орталықтарда күн сайын 500-ге жуық қарт қызмет алуда.

 

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

 Фотографтар: Жеңіс Ысқабай, Жұмабай Мұсабеков, Дмитрий Ерофеев