
Жетісу облысында жыл басынан бері балаларға 60 мыңнан астам оңалту қызметі көрсетілді. Өңірде оңалту көмегін дамыту жұмыстары жалғасуда. Жуырда Талдықорған қаласында 3 жастан 18 жасқа дейінгі балаларға арналған өңірдегі үшінші «Қамқорлық» орталығы пайдалануға берілді. Мұнда жас пациенттер нейрохирургия, неврология, кардиология және травматология бағыттары бойынша медициналық және оңалту көмегін ала алады. Мұнда жылына 600-ге дейін баланы оңалтуға мүмкіндік жасалған, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Жоба «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен іске асырылып, заманауи құрал-жабдықтар сатып алынды. Орталық облыстық көпбейінді балалар ауруханасы жанынан ашылып, жұмыс істеуде.
- Орталық осы жылғы қыркүйек айының басында ашылды. Балалар мұнда тәулік бойы бола алады. Көп балалар ата-аналарымен келеді. Балалар медициналық ұйымдардың портал бойынша жолдамасымен келіп емделеді. Мұнда негізінен миына, жүрегіне ота жасалған, сол сияқты жарақат алуына байланысты отадан шыққан, сондай-ақ созылмалы сырқаты бар балалар жіберіледі. Әр бала мұнда үш ретке дейін емделе алады. Оңалту көмегі облыстың барлық аймағынан келген балаларға көрсетіледі. Бұл ретте мультидисциплинарлық тәсіл қолданылады, яғни әртүрлі бейіндегі мамандар бірлесіп, әр пациентке арнап оңалту бағдарламасын дайындайды, - дейді бөлім меңгерушісі, реаниматолог дәрігер Әлішер Қасымов.
Орталықта реабилитолог, невропатолог, логопед, дефектолог, психолог, массажист және басқа да арнайы мамандар – жалпы саны 20 дәрігер мен медбике жұмыс істейді.
Мұнда заманауи медициналық және оңалту құрал-жабдықтары қолданылады, соның ішінде балалардың қозғалысын қалпына келтіретін тренажерлар, физиотерапиялық және жоғары технологиялық оңалту құрал-жабдықтары, сол сияқты сенсорлық және интерактивті бөлмелер, тұз және шунгит шахталары, иппотерапия жасанды аппараты, музыкалық аппарат және басқа да жабдықтар бар. Орталықта кішкентай пациенттер кемі 14 күн ем алады.
Емделушілер арасында Алакөл ауданы Үшарал қаласынан арнайы оңалтуға келген 1 жас 10 айлық Торғын Амангелді де бар. Оның аяғын 19 % көлемінде күйік шалған. Аяулым анасымен бірге бұл орталыққа осымен екінші рет келіп отыр.
- Дәрігерлердің бәріне баламызға көрсетіп отырған қамқорлығы мен нәтижелі ем-домы үшін алғысымды білдіремін. Тамақтары жақсы, дәрігерлер мен медбикелердің қамқорлығы ерекше. Қазір жағдайымыз жақсы, біртіндеп сауығып келеміз, – деді Торғынның анасы.
Осылайша, орталықтың жұмысы өңірдегі балалар үшін қолжетімді әрі кешенді оңалту көмегін көрсетуге, сондай-ақ олардың денсаулығын қалпына келтіріп, толыққанды өмірге оралуына жағдай жасап отыр.
Атап өтсек, Жетісу облысында Талдықорған қаласындағы облыстық перинаталдық орталықтың базасында жаңа туған сәбиден бастап 5 жасқа дейінгі балаларға және Сарқан ауданында 3-18 жас аралығындағы балаларға арналған «Қамқорлық» орталықтары жұмыс істейді. Аталған орталықтарда 8 айда жалпы 246 бала оңалтудан өткен. Сонымен қатар мамандандырылған балалар үйінің жанында «Ақ қанат» ерте араласу орталығында жыл басынан бері 2 жастан 4 жасқа дейінгі 36 бала оңалтудан өтті. Жалпы, жыл басынан бері өңірде балаларға 60 601 оңалту көмегі көрсетілді.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотограф: Жұмабай Ысқабай