Жетісу облысында республикалық және жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарындағы жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру бойынша кешенді жұмыстар жалғасуда. Авариялық-қауіпті учаскелерді абаттандыруға және жол-көлік оқиғаларының алдын алуға ерекше көңіл бөлініп келеді, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Жол қозғалысы қауіпсіздігіне бақылауды күшейту мақсатында автомобиль жолдарында 504 камерамен жабдықталған 159 аппараттық-бағдарламалық кешен орнатылды.
Сонымен қатар жолдардың авариялық-қауіпті учаскелерінде қауіпсіздікті арттыру жөніндегі кешенді шаралар іске асырылуда. Атап айтқанда, 150 катафот, 2 мыңнан астам жол белгісі, 40 жарықтандырылған белгі, 9, 500 жарыққайтарғыш элемент, 125 жасанды жол кедіргілер және 13 км металл қоршау, сол сияқты аялдамалар кешені, цифрлық проекциялар, ақпараттық билбордтар орнатылды. Оған қоса 1,8 мың км жол таңбасы мен 1,5 мың қ.м. шу жолақтары салынды.
Сондай-ақ, жол-көлік оқиғаларының алдын алу үшін полиция департаментінің 16 қызметтік автокөлігінде «Ekin Patrol» автоматты тіркеу жүйесіне қосылған жылдамдық өлшегіштер орнатылды.
Оған қоса авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу үшін материалдықбаза нығайтылуда. 4 бірлік арнайы көлік құралдары, яғни эвакуатор және авариялық-құтқару жабдығы бар арнайы машина сатып алынды.
Сондай-ақ өңірде автокөлік жолдарын жөндеу жалғасуда. Биыл 159 шақырым республикалық маңызы бар автомобиль жолдарына, 377 шақырым жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарын салуға және жөндеуге қаржы бөлінді.
Сонымен қатар жол қозғалысы ережелерін бұзудың алдын алуға және жол апаттарының санын азайтуға бағытталған жедел-профилактикалық іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп келеді.
Осылайша, өңірде қабылданып жатқан кешенді шаралар жол жүрушілердің барлығына қауіпсіз жағдай жасауға бағытталған.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотографтар: Жеңіс Ысқабай, Дмитрий Ерофеев, сол сияқты бірқатар фотосуреттерді Жетісу облысының полиция департаменті ұсынды.