
Жетісу облысында республикалық Отбасы апталығы аясында отбасы институтын нығайтуға бағытталған түрлі іс-шаралар өткізілуде. Атап айтқанда, кітапхана, музей және басқа да мәдениет мекемелерінде, мектептерде тақырыптық сағат, отбасылармен кездесу мен пікіралмасу, дөңгелек үстел, отбасылық байқау, музейлік экскурсия мен квест, концерт, сондай-ақ балалар мен жастарға арналған тәрбиелік іс-шаралар ұйымдастырылуда. Бұл ретте отбасылық дәстүрге, ұрпақтар сабақтастығына және бала тәрбиесіндегі ата-ананың рөліне ерекше көңіл бөлінуде. Барлығы 60-тан астам мәдени іс-шара өткізу жоспарланған, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Осындай іс-шаралардың бірі Талдықорған қаласындағы Достық үйінде өтті. Оған облыстың қалалары мен аудандарынан түрлі буын өкілдері қатысты. Кездесу барысында салт-дәстүрді сақтап, балаларын өнегелі тәрбиелеп отырған және отбасындағы өзара құрмет, жауапкершілік пен қолдаудың маңызын өмірлік үлгісімен көрсетіп жүрген отбасыларға құрмет көрсетілді. Сонымен қатар отбасындағы үлгі-өнеге мен ұрпақтар сабақтастығы туралы сөз болды. Өйткені бала үлкенді құрметтеуді, еңбекті бағалауды, жақындарына қамқор болуды және өз ісіне жауап беруді ең алдымен отбасында үйренеді. Іс-шараны «Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастырды.
Кездесу барысында өңірдің әртүрлі аудандары мен қалаларынан келген 30-ға жуық өнегелі отбасы «Азамат тәрбиелеген отбасы», «Күміс кереге» және «Алтын шаңырақ» атты үш номинация бойынша марапатталды.
«Азамат тәрбиелеген отбасы» номинациясы ата-ана еңбегінің арқасында елге пайдасын тигізер, білімді, еңбекқор әрі елгезек азаматтарды тәрбиелеп өсірген отбасыларды анықтады.Бұл номинация бойынша Ақсу ауданынан Сәрсеновтер, Алакөл ауданынан Дүйсебаевтар, Ескелді ауданынан Бектеновтер, Қаратал ауданынан Ұзақбай отбасы, Кербұлақ ауданынан Мұсабаевтар, Көксу ауданынан Сәрсеновтер, Панфилов ауданынан Қошымбаевтар, Сарқан ауданынан Тазабековтер, Талдықорған қаласынан Балқыбековтер, Текелі қаласынан Көлбаевтар отбасы марапатталды.
Тағы он отбасы «Күміс кереге» номинациясымен марапатталды. Олардың қатарында облыс аудандарынан, Талдықорған және Текелі қалаларынан Тастамбековтер, Күмпейісовтер, Кәрсенбаевтар, Үркімбековтер, Жолдыбаевтар, Есханиндер, Әбдіманаповтар, Аязбаевтар, Оразбековтер және Мұқановтар отбасылары бар. Бұл номинация ұлттық дәстүрлерді қадірлеп, ұрпақтар арасындағы байланысты берік сақтаған берекелі шаңырақтарды айқындады.
«Алтын шаңырақ» номинациясына сегіз отбасы ие болды. Атап айтқанда, Ақсу ауданынан Әтейбековтер, Алакөл ауданынан Смағұловтар, Ескелді ауданынан Тастанбаевтар, Қаратал ауданынан Ақынбаевтар, Көксу ауданынан Базиловтар, Панфилов ауданынан Солтанқұловтар, Талдықорған қаласынан Қожабековтер, Текелі қаласынан Дүйсебаевтар отбасы марапатталды.
Марапат табыстау барысында Жетісу облысының «Қоғамдық келісім» КММ директоры Айдос Игенбай отбасының адам тәрбиесіндегі, адамгершілік құндылықтарды сақтаудағы және қоғамды нығайтудағы рөлін атап өтті.
– Бүгінде отбасылық құндылықтарды дәріптеу мақсатында отызға жуық отбасын марапаттап отырмыз. Олардың ерекшеліктері мен жетістіктері, қоғамның дамуына қосып жүрген үлесі туралы айтып, оны өзгелерге өнеге боларлық үлгі ретінде көрсеткіміз келеді. Алдағы уақытта бұл іс-шара дәстүрге айналады деп ойлаймын. Өйткені берік отбасы – кез келген мемлекеттің негізі, – деді ол.
Жетісу облысы Аналар кеңесінің төрайымы Жамал Баймадиева да өз пікірін білдірді:
– Халқымызда «шаңырақ - ер, уық – шаңырақты ұстап тұрған отанасы, ал кереге - балалар» деген ұғым бар. Осы бөліктердің барлығы өзара татулықта өмір сүріп, бір-біріне қолдау көрсетсе, отбасы берік, берекелі әрі бақытты болады. Сондықтан осындай іс-шараларды өткізіп, отбасыларды дәріптеп, қолдау көрсету, отбасылық қарым-қатынастың құндылығы мен ұрпақтар арасындағы сыйластық туралы жиі айтуымыз керек. Өйткені адамның мейірімділік, жауапкершілік, өзара көмек пен құрмет туралы алғашқы түсініктері ең алдымен отбасында қалыптасады, – деді ол.
Байқауға қатысушылар да ой бөлісті. Олардың қатарында «Алтын шаңырақ» номинациясы бойынша марапатқа ие болған Текелі қаласының тұрғындары Ертай мен Гүлнұр Дүйсебаевтар да бар. Биыл ерлі-зайыптылар шаңырақ көтергендеріне 50 жыл толған алтын тойларын атап өткен. Олар бес баланы тәрбиелеп өсіріп, бүгінде 11 немере сүйіп отыр.
– Отбасы – бұл өзара сенім. Арқа сүйер тірегің бар екенін білген кезде, балалар өсіп келе жатқанда, кейде бір-біріңе кешіріммен қарауың керек, кейде сабыр сақтап, кейде қолдау көрсетіп, кейде бірге үнсіз отыра білу де қажет. Қарап отырсаң, отбасындағы ең үлкен байлық ол - балаларың мен немерелеріңнің өсіп жеткені, – дейді отбасының берекесін кіргізіп отырған Гүлнұр Дүйсебаева.
Марапат иегерлерінің қатарында Кербұлақ ауданынан келген көпбалалы отбасы да бар. Назым мен Талғат Мұсабаевтардың отасқандарына 18 жыл болған. Бүгінде олар бес бала тәрбиелеп отыр, жақында алтыншы сәбиі өмірге келеді.
– Біз бақытты отбасымыз. Балаларымызды лайықты тәрбиелеп, оларға білім беріп, жетістіктері мен қуаныштарын көрсек дейміз. Қызымыз Зере дзюдомен айналысады. Ол 24 тамызда Эквадорда өткен әлем чемпионатынан оралды. Оның командасы бірінші орын алып, алтын медальмен оралды. Біз оны мақтан тұтамыз. Ұлымыз оқуға түсіп, қазір білім алып жатыр. Әр баланың жетістігі мен жеңісі – ата-ана үшін ең үлкен бақыт. Сондықтан біз балаларымыздың барлық жақсы бастамаларына әрдайым қолдау көрсетеміз, – дейді ерлі-зайыптылар.
Атап өтсек, байқау жеңімпаздарының барлығы арнайы дипломдармен және ақшалай сертификаттармен марапатталды.
Отбасы тақырыбы өңірдегі басқа мекемелерде де жалғасын табуда. Өтіп жатқан барлық іс-шаралардың идеясы ортақ – берік отбасы ең алдымен күнделікті қарым-қатынаста қалыптасатынын көрсету. Яғни балаларға көңіл бөлу, үлкендерді құрметтеу, бір-біріне қолдау көрсету және ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан дәстүрлерді сақтау арқылы отбасы құндылықтары нығая түседі.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотосуреттерді «Қоғамдық келісім» КММ ұсынды