Жетісу облысының энергетикалық жүйесі қарқынды дамып келеді. Бүгінде өңірде электр энергетикасының белгіленген қуаты 333 МВт. Оның 271 МВт-ы, яғни 80 пайыздан астамы жаңартылатын энергия көздері нысандарына тиесілі. Алдағы жылдары өңірде жаңартылатын энергияның жаңа жобаларын іске асыру, жоғары кернеулі электр желілерін және газтурбиналық станцияларды салу есебінен электр энергиясын өндіру көлемін айтарлықтай арттыру жоспарлануда, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Қазіргі таңда Жетісу облысында жаңартылатын энергия көздері бойынша 19 нысан жұмыс істейді. Олардың негізін құрайтын - жалпы қуаты 147 МВт болатын 15 гидроэлектр станциясы. Сонымен қатар өңірде жалпы қуаты 124 МВт болатын 2 жел электр станциясы және 2 күн электр станциясы жұмыс істеп тұр.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының мәліметінше, 2028 жылға дейін өңірде жаңартылатын энергия көздері саласында жалпы қуаты 191 МВт болатын тағы 10 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Ірі жобалардың қатарында Сарқан ауданында Покатилов су қоймасы мен оған іргелес ГЭС салу, сондай-ақ Кербұлақ ауданында гидроэлектр станциясын салу жобалары бар.
«Биыл жалпы қуаты 40,6 МВт болатын жаңартылатын энергия көздерінің үш нысанын пайдалануға беру жоспарланып отыр. Олардың қатарында Кербұлақ пен Көксу аудандарындағы ГЭС-тар және Панфилов ауданындағы күн электр станциясы бар», - деді облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы Айдос Бекетаев.
Сонымен қатар өңірде электр желісі инфрақұрылымын нығайту жұмыстары да жүргізілуде. «Талдықорған – Жаркент» бағыты бойынша кернеуі 220 кВ болатын, жалпы ұзындығы 217,4 шақырым жоғары кернеулі электр беру желісін салу жоспарланып отыр. Жаңа желі электрмен жабдықтаудың сенімділігін арттырып, электр энергиясын тұтыну көлемін одан әрі ұлғайтуға және жаңа нысандарды электр желісіне қосуға қосымша мүмкіндік береді.
Сондай-ақ Текелі және Талдықорған қалаларында жалпы қуаты 137 МВт болатын газтурбиналық станцияларды кезең-кезеңімен іске қосу электрмен және жылу энергиясымен үздіксіз қамтамасыз ету бағытындағы тағы бір маңызды жобалардың қатарында.
Ұзақ мерзімді жоспарлар санатында Жоңғар қақпасы аумағында қуаты 1 ГВт-қа дейін жететін жел электр станциясын салу жобасы ерекше орын алады. Жобаның құрылысын келесі жылы бастау жоспарланып отыр.
Бұл жобаларды іске асыру қосымша энергетикалық қуат қалыптастырып, өңірдің энергетикалық тұрақтылығын нығайтып қана қоймай, Жетісу облысының еліміздегі «жасыл» энергетиканы дамытудағы рөлін арттыруға мүмкіндік береді.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі
Фотограф: Дмитрий Ерофеев және бірқатар фотосуреттер облыс әкімі баспасөз қызметінің фотоархивінен алынды.