Жетісудағы құрылыс: биыл 64 нысан пайдалануға беріліп, 3300-ден астам пәтер тапсырылады

Жетісудағы құрылыс: биыл 64 нысан пайдалануға беріліп, 3300-ден астам пәтер тапсырылады

Жетісу облысында қазіргі таңда 90 нысанның құрылысы жүргізілуде, олардың 64-ін биыл пайдалануға беру жоспарланған. Оның ішінде 7 білім беру нысаны, 12 денсаулық сақтау нысаны, 6 мәдениет мекемесі және 3 спорт нысаны бар. Сонымен қатар тұрғын үй құрылысына ерекше көңіл бөлінуде. Соның нәтижесінде биыл өңірде 3300-ден астам пәтерді пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұл туралы Талдықорған қаласында өткен Құрылысшылар күніне арналған салтанатты жиында белгілі болды, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Кәсіби мереке қарсаңында өңір басшысының атынан құрылыс саласының қызметкерлерін облыс әкімінің бірінші орынбасары Әлібек Жақанбаев құттықтады. Құрылысшы мамандығының қоғамдағы орны әрдайым ерекше екенін атап өткен ол облыста құрылыс саласын дамытуға айрықша көңіл бөлінетінін, ал қажетті көлемдегі қаржының жыл сайын бөлінуі тұрғын үй, әлеуметтік нысандар салу және инженерлік инфрақұрылымды дамыту бағытындағы ауқымды жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік беретінін айтты. Айта кетсек, биыл өңірде әлеуметтік сала нысандары мен тұрғын үй құрылысына бөлінген қаржы көлемі өткен жылмен салыстырғанда 8%-ға артты.

«Жыл соңына дейін өңірде он көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, нәтижесінде 3309 пәтер пайдалануға беріледі. Оның ішінде 1574 пәтер әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға табысталады. Жалпы Жетісу облысында тіркелген 43 құрылыс компаниясы бар. Олардың әрқайсысы заманауи инфрақұрылымды қалыптастыруға, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға және жайлы әрі қауіпсіз орта құруға үлес қосып, өңірдің дамуына өз үлесін қосуда», – деді Ә. Жақанбаев марапаттау рәсіміне көшіп.

Құрылыс саласының үздік қызметкерлері көп жылғы адал еңбегі мен кәсібилігі үшін облыс әкімінің Құрмет грамоталары және Алғыс хаттарымен, Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің, құрылыс басқармасының марапаттарымен, сондай-ақ «Құрметті құрылысшы» және «Құрылыс саласын дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгілерімен марапатталды. Барлығы 50-ге жуық адам марапатталды.

Өңірде жұмыс істейтін «Нұр-Шапағат-Құрылыс» құрылыс компаниясының өкілі де әріптестерін кәсіби мерекемен құттықтады.

– Біздің компания құрылыс саласында 20 жылдан бері еңбек етіп келеді. Жетісу облысы мен Алматы облысының аумағында мектептер, ауруханалар және басқа да маңызды нысандар салдық. Құрылысшы мамандығы тек физикалық дайындықты ғана талап етпейді, бұл – ең жауапты әрі шығармашылықты қажет ететін мамандықтардың бірі. Заман талабына сай жұмыс істеп, нормалар мен талаптарды қатаң сақтап, заманауи материалдар мен технологияларды пайдалану қажет. Талдықорған қаласы жыл сайын көркейіп, жаңа шағын аудандар бой көтеріп келеді. Бұған құрылысшылардың еңбегі де ықпал етіп отыр, – деді Қайрат Кереев.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі

 

Фотолар: Дмитрий Ерофеев, Жеңіс Ысқабай, сондай-ақ фотосуреттердің бір бөлігі Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметінің мұрағатынан алынды.