Жетісудағы «Tekeli Baldyrgan Half Marathon» фестивалі 4 ел атлеттерінің басын қосты

Жетісудағы «Tekeli Baldyrgan Half Marathon» фестивалі 4 ел атлеттерінің басын қосты

«Tekeli Baldyrqan Half Marathon» спорттық-туристік марафоны мыңнан астам қатысушының басын қосты. Қазақстан, Ресей, Қытай және Франциядан 300 атлет жарыс жолына шықты, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Жарыс бағдарламасына 21,1 км және 10 км қашықтыққа жарыс, ал скандинавиялық жүріспен әуестенетіндер үшін 5 км жарыс енгізілді. Жер бедерінің таулы, күрделілігі ескеріліп, арнайы техника тартылды, спортшылардың толық қауіпсіздігі үшін бүкіл маршрут бойы құтқарушылар, медицина мамандары, полиция қызметкелері бірге жүріп отырды. Өз кезегінде қатысушылар «Заң мен Тәртіп» принципін іс жүзінде қолдап, адал тартыс, өзара құрмет пен жоғары спорттық мәдениетін көрсетті.

- Демеушілермен бірлесіп, Текелі қаласында алғаш рет кәсіби спортшылар да, әуесқойлар да қатыса алатын спорттық-туристік марафон ұйымдастырдық. Қатысушылардың қызығушылығын ескере отырып, бұл фестивальді жыл сайын өткізуді жоспарлап отырмыз. Негізгі мақсатымыз – Текелінің тау туризмін перспективалы орталықтарының бірі ретінде танытып, өңіріміздің бірегей табиғи ерекшеліктерін көрсету. Сонымен қатар салауатты өмір салтын, бұқаралық спортты және белсенді демалысты насихаттаймыз. Таза ауада спортпен шұғылдану жағымды эмоция сыйлап, денсаулықты нығайтады, командалық рухты қалыптастырып, бірлікке негізделген ерекше ахуал қалыптастырады. Мұндай іс-шаралар туған өлкенің сұлулығын жаңаша танып, қоршаған ортаны сақтауға деген жеке жауапкершілікті сезіндіреді, – деді облыстық туризм басқармасының басшысы Ерсін Ибрашев.

Фестивальге мыңнан астам адам қатысты. Өзгелермен қатар 70 жастағы спорт ардагері мен ата-анасымен бірге жарыс жолына шыққан 6 жастағы бала да белгіленген қашықтықты бағындырды.

Марафонға қатысқан шетелдік спортшылардың бірі әсерін бөлісті:

«Бұл шынымен де керемет болды! Осындай заңғар таулардың арасында жүгіру бізге ерекше шабыт сыйлады. Ұйымдастыру жұмыстары жоғары деңгейде өтті, жарыс жолының нақты белгіленуінен бастап, таулы аймақта аса маңызды қауіпсіздік қызметтерінің тұрақты бақылауына дейін барлығы ойластырылған. Әр шақырым сайын мерекелік көңіл-күй мен қолдауды сезініп жүрдік. Текелінің табиғи сұлулығына тәнті болдым, бұл жерге міндетті түрде қайта ораламын», - деді.

 

 

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

 

Фотосуреттерді Текелі қаласының әкімдігі ұйымдастырды.