
Жетісу облысында талдықорғандық құрылысшылар отбасы металды заманауи, сәнді әрі пайдалы бұйымдарға айналдырып келеді. Олардың өндірістік цехында қаланың келбетін көркейтетін функционалды металл конструкциялармен қатар түрлі сәндік-декоративтік элементтер де дайындалуда, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Талдықорған қаласына арналған жаңа аялдама павильондары – кәсіпорынның ерекше жобаларының бірі. Қазір олар шаһардың бірнеше шағынауданында орнатылып жатыр. Бүгінгі таңда 20-дан астам аялдама көпшіліктің игілігіне пайдаланылуда. Павильондардың басты ерекшелігі – олар қаланың логотипі мен облыс орталығының ең танымал нышандарының бірі саналатын «Жетісу» стеласының бейнесімен безендірілген.
«Temir & Laser» кәсіпорнының бас директоры Олжас Азанбековтің айтуынша, өндірістік цехта аптасына осындай 10 аялдама павильонын жасап шығаруға мүмкіндік бар.
Оның сөзіне сүйенсек, бүгінде кәсіпорындағы өндіріс процесіі толық жолға қойылған. Дегенмен бастапқы кезеңде оңай болған жоқ дейді ол. Арнайы оқу курсынан өткеніне қарамастан, кәсіптің мән-жайын жұмыс барысында меңгеруге тура келген. Жас кәсіпкер әрі кәсіпорын басшысы, әрі тапсырыстарды орындаушы ретінде әуелі істің қыр-сырын өзі тәжірибе жүзінде игеріп, кейін жинаған білімін цех қызметкерлеріне үйреткен.
– Құрылыс саласында бес жылдан астам тәжірибем бар. Жалпы, мен құрылысшылар отбасында дүниеге келдім. Әкем де, ағаларым да осы саланың мамандары, ал әпкем – дизайнер. Осыдан небәрі бес ай бұрын өз кәсібімізді бастап, металдан бұйымдар жасау бағытын таңдадық. Бұл жолда әкем Әділхан Азанбеков маған әрдайым қолдау көрсетіп келеді. Ол мен үшін әрі көмекші, әрі ақылшы, әрі сенімді әріптес, – дейді Олжас Азанбеков.
– Мен өмір бойы құрылыс саласында еңбек еттім. Ұлым да осы мамандықты таңдады. Дегенмен қазіргі жастардың көзқарасы басқа. Олар жаңа технологияларға қызығып, заманауи бағыттарды игеруге ұмтылады. Сондықтан Олжастың жеке өндіріс ашу туралы бастамасын бірден қолдадық, – дейді Әділхан Азанбеков.
Ол сөз арасында ұлының станокта жасаған алғашқы жұмыстарының бірі металдан қиып жасалған жылқы бейнесін қуана көрсетті. «Біздің отбасымыз үшін бұл жай ғана сәндік бұйым емес. Бұл – ортақ істің бастауын, алғашқы жетістіктерімізді еске салатын ерекше естелік. Кәсіпорынды құру мен дамытуға өз қаражатымыздан 25 млн теңгеден астам инвестиция салдық», – дейді ол.
Жалпы, кәсіпорын металл өңдеу және кез келген күрделіліктегі металл конструкцияларын дайындаумен айналысады. Мұнда лазермен кесу, металл ию, дәнекерлеу, ұнтақты бояу сияқты қызметтер заманауи құрал-жабдықтардың көмегімен жүзеге асырылады. Бүгінде кәсіпорында орындық, қоқыс жәшіктері, қақпа, шатыр, беседка, ғимарат қасбеттеріне арналған сәндік элементтер, мангал, арка және басқа да түрлі металл бұйымдары өндіріледі. Тапсырыстар жеке компаниялардан, мемлекеттік мекемелерден. қала тұрғындарынан түседі. Сонымен қатар Алматы қаласынан да тұрақты тапсырыс берушілер бар.
Олжас Азанбековтың айтуынша, кәсіпорынның қызметі негізінен әлеуметтік желілер арқылы насихатталады. Бұдан бөлек, көрсетілетін қызметтің сапасына риза болған тұтынушылардың оң пікірі мен ұсыныстарының арқасында жаңа тапсырыс берушілер қатары көбейген.
Қазіргі таңда кәсіпорында 11 адам еңбек етеді. Цех қызметкерлерінің бірі, он жылдық тәжірибесі бар дәнекерлеуші Сергей Мосендздің кәсіпорын болашағына деген зор сенімі зор. Оның айтуынша, ұжым қол жеткізген жетістіктермен тоқтап қалмай, жаңа технологияларды үздіксіз меңгеріп келеді.
– Біздің жұмысымыз бір жағынан күрделі болса, екінші жағынан шығармашылықты қажет етеді. Біз қарапайым металл табақтарын түрлі бұйымдарға айналдырамыз. Ең бастысы – тапсырысты сапалы, тапсырыс берушінің ойынан шығатындай деңгейде орындау. Сонымен қатар әрбір конструкция берік, қауіпсіз әрі ұзақ жыл қызмет етуі тиіс. Қазір туған қаламыз Талдықорған үшін түрлі бұйымдар жасап жатырмыз, бұл бізді ерекше қуантады. Осы арқылы қаланың келбетін жақсартуға өз үлесімізді қосып, тұрғындар мен қонақтарға жайлы орта қалыптастыруға атсалысып жүрміз. Қазір лазермен кесу технологиясын меңгеріп жатырмын. Бұл – мен үшін жаңа бағыт. Жұмысымның үнемі жаңа дүниелерді үйренуге мүмкіндік беретіні де ұнайды, – дейді Сергей Мосендз.
Қазіргі таңда өндіріс бір ғана цехта орналасқан. Алдағы уақытта кәсіпорын «Даму» қоры арқылы ұсынылатын мемлекеттік қолдау тетіктерін пайдалануды жоспарлап отыр. Жеңілдетілген несие алу еңбекқор жетісулық құрылысшылар отбасына, кәсіпорын ұжымына өндіріс ауқымын кеңейтуге жаңа мүмкіндіктер ашпақ. Ал әзірге кәсіпорын ұжымы кеңірек өндірістік цехқа көшуді межелеп отыр. Соның нәтижесінде жұмыс орындарының санын 20-ға дейін көбейеді деген жоспар бар. Сонымен қатар компания Талдықорғандағы құрылыс-техникалық колледжімен ынтымақтастық орнатуды көздейді. Бұл студенттердің кәсіпорында өндірістік тәжірибеден өтіп, заманауи құрал-жабдықтардың жұмысымен танысып, алғашқы кәсіби машықтарын игеруіне мүмкіндік бермек.
Олжас Азанбеков өндіріс үдерісіне жаңа технологияларды енгізуді әрі қарай да жалғастырамыз дейді. Оның пікірінше, сапалы металл бұйымдарға сұраныс әрдайым бола бермек. Бұл өз кезегінде отбасылық кәсіптің дамуына жаңа серпін береді.
– Барлық процестің артында еңбек адамы тұр. Яғни өз ісін жетік меңгерген, үйренуден қорықпайтын және өз қолымен адамдарға қажет дүниелерді жасайтын шебер тұр деген сөз. Сондықтан біз тек отбасымыз бен қызметкерлеріміздің игілігі үшін ғана емес, туған қаламыз бен оның тұрғындарына пайдалы болу үшін де еңбектене береміз, – деді жас кәсіпкер.
Атап өтсек, қазіргі таңда Талдықорған қаласында шағын және орта бизнесте шамамен 19 мың субъект жұмыс істейді. Бұл салада 41,4 мың адам еңбек етуде. Бұл көрсеткіш кәсіпкерліктің қала тұрғындарын жұмыспен қамтамасыз етудегі маңызды рөлін айқындайды. Бұл ретте салық түсімдерінің артуы – бизнестің даму тиімділігінің негізгі көрсеткіштерінің бірі. Мәселен, 2026 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша қала бюджетіне шағын және орта бизнес субъектілерінен 9,1 млрд теңгеден астам қаражат түскен. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,6 млрд теңгеге көп. Осы орайда өсу қарқыны 121,6 %.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотограф: Дмитрий Ерофеев