Талдықорғанда Жетісу облысының құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі Ведомствоаралық комиссиясының (ВАК) кезекті отырысы өтті.
Отырысқа комиссия мүшелері, мүдделі мемлекеттік органдардың Жетісу облысы бойынша департаменттерінің өкілдері қатысты, сонымен қатар ҚР Ішкі істер министрлігінің Профилактикалық жұмысты үйлестіру комитетінің төрағасы онлайн түрде қосылды.
Комиссия төрағасы, облыс әкімінің міндетін атқарушы Әлібек Жақанбаев Үкіметтің бастамасымен Үкімет жанындағы құқық бұзушылықтардың профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның атауын «Үкімет жанындағы «Заң және тәртіп» конституциялық қағидатын іске асыру жөніндегі ведомствоаралық комиссия» деп, ал жерлігікті атқарушы органдар жанындағы ведомствоаралық комиссиялардың атауын ұқсас етіп өзгерту ұсынылғанына тоқталды.
Комиссия атын өзгертудің негізгі мақсаты - комиссия қызметінің аясын кеңейтіп, оны тек құқық бұзушылықтың алдын алумен ғана шектемей, қоғамда заң үстемдігін, құқықтық мәдениетті және азаматтардың заңға құрметпен қарауын қамтамасыз ету.
Күн тәртібінде үш мәселе қаралды. Атап айтқанда, мал ұрлығына қарсы күрес, көші-қон заңнамасын бұзушылықтарды анықтау және жолын кесу, заңсыз көші-қонға қарсы іс-қимыл жөніндегі жұмыстардың жай-күйі туралы және отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында жасалатын қылмыстардың алдын алу бойынша жүргізілген профилактикалық шаралар туралы мәселелері талқыланды.
Отырыс барысында жауапты мемлекеттік органдардың есептері тыңдалып, атқарылып жатқан жұмыстарға жан-жақты талдау жүргізілді. Қол жеткізілген оң динамикаға қарамастан, бірқатар бағыттар бойынша жүйелі мәселелердің бар екені айтылды. Осыған байланысты комиссия төрағасы профилактикалық жұмыстың тиімділігін арттыру, цифрлық шешімдерді кеңінен енгізу, халықпен кері байланысты күшейту және ведомствоаралық өзара іс-қимылды нығайту бойынша нақты тапсырмалар берді.
Жиын қорытындысы бойынша барлық жауапты органдарға нақты міндеттер жүктеліп, олардың орындалуы тұрақты бақылауға алынатыны ескертілді.
Жетісу облысы әкімі аппаратының мемлекеттік-құқықтық бөлімі.
Фотограф: Жұмабай Мұсабеков