Жетісу облысында Балқаш жағалауындағы туризмді дамыту бағытында ауылдық инфрақұрылымды жетілдіру бойынша кешенді шаралар қабылдануда. Атап айтқанда, Лепсі ауылында жаңа теміржол вокзалының құрылысы жүріп жатыр, полиция пунктінің ғимараты қайта жаңғыртылып, аурухана ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жасалуда. Құрылыс жұмыстарының барысымен және атқарылған жұмыстардың нәтижелерімен облыс әкімі Бейбіт Исабаев Сарқан ауданына жасаған жұмыс сапары барысында танысты, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Ең алдымен Бейбіт Исабаев жаңа теміржол вокзалы салынып жатқан құрылыс алаңына барды. Нысанды пайдалануға беру осы жылдың тамыз айына жоспарланған. Аталған нысан іске қосылғаннан кейін жолаушыларға қауіпсіз әрі сапалы қызмет көрсетуге, өңірдің көлік инфрақұрылымының дамуына оң әсерін тигізеді.
Нысанды салып жатқан мердігер ұйым директорының бірінші орынбасары Медет Омархановтың айтуынша, қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының 45%-ы аяқталған. Іргетастың монолитті-бетон жұмыстары толық аяқталды. Қазір ғимараттың қабырғалары қалануда, ал жуық арада әрлеу жұмыстары басталады.
- Құрылыс нысанының жалпы аумағы 617 шаршы метрді құрайды. Вокзал ғимараты барлық заманауи талаптарға сай болады. Жобада тамбур, вестибюль, күту залы, сауда алаңы, балалы жолаушыларға арналған бөлме, демалыс бөлмесі, санитарлық торап, сондай-ақ бірқатар әкімшілік және техникалық бөлмелер қарастырылған, – деді М. Омарханов.
Облыс әкімі өз кезегінде нысанды белгіленген мерзімде аяқтау үшін құрылыс қарқынын жеделдету қажеттігін айтты.
Мұндағы полиция пунктінің ғимараты ағымдағы жөндеу жұмыстарынан кейін толықтай талапқа сай келтірілген. Ғимарат жөндеуден өткізіліп қана қоймай, қызметкерлерге қолайлы болу үшін мұнда асхана мен демалыс бөлмесі ашылды, ал екінші қабатта казармалық үлгідегі жатақхана бөлмелері жабдықталды. Полиция пунктінде тұрақты негізде 5 қызметкер жұмыс істейді. Ал туристік маусым кезінде қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін жеке құрам саны 25 адамға дейін ұлғайтылады. Сонымен қатар Лепсі ауылында судағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында тәулік бойы патрульдік қызмет атқаратын құтқару бөлімшесінің 12 қызметкері жұмыс істейді.
Сондай-ақ 30 орындық Лепсі ауылдық ауруханасына күрделі жөндеу жұмыстары жалғасуда. Биылғы жылдың сәуір айында басталған жұмыстардың қазіргі таңда 30%-ы орындалған. Жөндеу жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.
– Біздің ауылдық ауруханаға соңғы рет жөндеу жұмыстары 2010 жылы жүргізілген. Сондықтан ғимаратты заманауи талаптарға сай жаңарту қажеттілігі туындаған болатын. Бұл медициналық қызмет сапасын арттыру үшін өте керек, өйткені пациенттер саны жыл сайын артып келеді. Әсіресе туристік маусымда Лепсіге келетін қонақтар мен демалушылар қатары көбейеді. Мәселен, өткен жылдың өзінде ғана бізге 800 адам медициналық көмекке жүгінді. Осыған байланысты туристік маусым кезінде аудандық ауруханадан арнайы мамандарды қосымша жіберіп отырамыз. Жақын уақытта тағы үш дәрігер келеді, – деді аудандық орталық аурухананың директоры Алтай Шұлғаубаев.
Белгілі болғандай, аудандық аурухана ғимаратына күрделі жөндеу жүргізіліп жатқан кезде науқастарды жергілікті емхана қабылдауда.
Бейбіт Исабаев келесі жылы осы емхана ғимаратына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Осылайша, ауылдағы денсаулық сақтау саласының екі ірі нысаны да заман талабына сәйкестендіріліп, жергілікті тұрғындар мен туристер үшін сапалы медициналық қызметтердің қолжетімділігі арта түспек.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотографтар: Жұмабай Мұсабеков, Қанат Байдырахымов