көп қабатты тұрғын үйдің шатыры жөнделді, сондай-ақ 30 көп қабатты үйдің қасбеті жаңартылды. Бұл жұмыстар биыл да жалғасып жатыр. Жөндеу және абаттандыру жұмыстарының барысын бүгін облыс әкімі Бейбіт Исабаев тексерді, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Атап айтқанда, биыл «Самал», «Жастар», «Мүшелтой», «Болашақ», «Көктем», «Ғарышкер» шағын аудандарында аулаларды абаттандыру жұмыстары басталды. Аралау барысында өңір басшысы «Мүшелтой» шағын ауданындағы бір аулада атқарылған жұмыстарды көрді.
Мердігерлермен әңгімелесу барысында облыс әкімі:
– Мемлекет басшысы тұрғындарға қолайлы, қауіпсіз және жайлы орта қалыптастыру туралы алдымызға нақты міндет қойып отыр. Бұл дегеніміз – әрбір аула, әрбір қасбет, әрбір жаяу жүргіншілер аймағы есеп беру үшін емес, халықтың игілігі үшін жөнделуі тиіс. Сондықтан жұмыстардың сапасына, мерзімнің сақталуына және қолданылатын материалдардың ұзаққа шыдас беретіне ерекше назар аудару қажет, - деді.
Құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан компания өкілдері өңір басшысына жұмыстардың сәуір айының басында басталғанын жеткізді. Бүгінгі күні 19 нысанның 12-сінде жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Аулаларды абаттандыруға 22 техника жұмылдырылған, нысандарда 70-тен астам адам еңбек етуде.
Жансүгіров көшесіндегі көп қабатты тұрғын үйлердің қасбеттерін жөндеу жұмыстары жалғасуда, бұл жобада 30 үй қамтылады. Сонымен қатар биыл тағы 33 көп қабатты тұрғын үйдің шатыры жөнделеді.
Өңір басшысы атап өткендей, жөндеу барысында заманауи қаптау материалдары қолданылуда. Бұл тек үйлердің сыртқы келбетін жаңартуға ғана емес, сонымен бірге жөндеу сапасын арттырып, оның ұзақ мерзімді әрі сенімді болуына ықпал етеді. Қала бойынша барлық нысандардағы жұмыста осындай қағида сақталады.
– Өткен жылы Талдықорғанда 39 аула жөнделді, биыл тағы 19 аула абаттандырылады, келесі жылы 20 шақты ауланы қамту жоспарланып отыр. Барлық жұмыстар кешенді түрде жүргізілуде. Аулаларда жарықтандыру, брусчатка төсеу, орындықтар қою, спорт алаңдарын жасау, асфальттау және басқа да абаттандыру жұмыстары атқарылып жатыр. Қасбеттерді жөндеу кезінде түс үйлесіміне ерекше назар аударылады. Жұмсақ түстер мен қаптайтын заманауи материалдар таңдалады. Бұл талаптар жаңа тұрғын үйлердің құрылысында да ескеріледі, – деді Бейбіт Исабаев.
Өңір басшысымен әңгімелескен жергілікті тұрғындар қалада болып жатқан өзгерістерге ризашылықтарын білдірді.
– Соңғы 3–4 жылдың ішінде қаламыз айтарлықтай өзгерді. Біздің үйлерге де назар аударылып отыр. Олардың салынғанына 65 жыл болған, қасбеттері әбден тозған еді. Енді жөнделіп, қалпына келтіріліп жатыр. Қала тұрғындарына қамқорлық көрсетіліп жатқаны үшін алғысымызды білдіреміз, – деді тұрғындардың бірі.
– Біз «Ұлан» шағын ауданының қалай өзгергенін көріп, қатты қуандық. Біздің үйлер салынғалы 40 жылға жуық уақыттан бері жөндеу көрмеген. Енді дәл сондай жөндеу жұмыстары біздің ауламызда да басталды. Қолдау көрсеткендеріңізге ризамыз, – деді тұрғындар.
Сонымен қатар «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында 2024 жылдан бері 25 балалар ойын және спорт алаңы орнатылды. Ал биыл тағы 21-ін салу жоспарланып отыр.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотограф: Дмитрий Ерофеев