Жетісу облысына – 4 жыл: 1,4 млн. ш.м. астам тұрғын үй пайдалануға берілді

Жетісу облысына – 4 жыл: 1,4 млн. ш.м. астам тұрғын үй пайдалануға берілді

Жетісу облысы  құрылғаннан бері өңірде 1,4 млн. шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Осы уақыт ішінде 10833 отбасына баспаналы болса, соның ішінде өткен жылы «Жетісу жастары», «Маман» бағдарламаларымен және жалгерлік, несиелік тұрғын үйлер берілді, сол сияқты әлеуметтік осал топтарға баспана сатып алынды, тұрғындар апатты үйлерден көшірілді, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Биыл өңірде тұрғын үймен 3 мыңнан астам отбасын қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Мәселен, бүгін Халықаралық балаларды қорғау күнінде Ақсу ауданының Жансүгіров ауылында 57 отбасы жаңа пәтерлер мен жеке тұрғын үйлердің кілттерін қолына алып, баспаналы болу қуанышына кенелді.

Қоныстанушылардың қатарында көпбалалы отбасылар, жалғызбасты аналар, жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, мүгедектігі бар азаматтар, мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, зейнеткерлер және басқа да санаттағы тұрғындар бар.

Жаңа қоныс иелерінің Жансүгіров ауылының тұрғыны Гүлмира Оспанова:

– Тұрғын үй кезегінде 2017 жылдан бері тұрдым, І топ мүгедегімін. Бүгін көптен күткен екі бөлмелі пәтерімнің кілтін алдым. Тұрғын үй мәселесін шешуде мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау үшін шынайы алғысымды білдіремін. Баршаңызға жаңа шаңырақта бақ-береке мен амандық тілеймін, – деді.

Тағы бір жергілікті тұрғын Диана Сұлтанғазина да тілегін білдірді:

– «Жетім балалар» санаты бойынша тұрғын үй кезегінде 6 жыл тұрдым. Ата-анамнан ерте айырылдым, бүгінде өзім де ана атанып отырмын. Осындай мерекелі күні өз пәтерімнің кілтін алғаныма өте қуаныштымын. Баршаңызды мерекемен және қоныс тойымен құттықтаймын, – деді ол.

Айта кетейік, Жетісу облысы құрылғаннан бері Ақсу ауданында тұрғын үймен 200-ге жуық тұрғын қамтамасыз етілді.

 

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі

Фотографтар: Жеңіс Ысқабай, Дмитрий Ерофеев,

сол сияқты фотосуреттерді Ақсу ауданының әкімдігі ұсынды