
Жетісу облысында 9 мамыр Жеңіс күніне орай облыс әкімінің Кубогы үшін республикалық бәйге жарысы өтті. Турнирге еліміздің бірнеше облысынан 100-ден астам шабандоз қатысты. Мерекелік спорттық шараға облыс әкімі Бейбіт Исабаев арнайы барды, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
«Талдықорған» ипподромында өткен турнир ат спортының 3 түрінен өтті: құнан бәйге, топ бәйге және аламан бәйге.
Атап айтқанда, Құнан бәйгеде оза шауып, 1-орын алған Алматы облысы Жамбыл ауданының «Бақ» атты тұлпарының иесі 1 млн. теңге ақшалай сыйлыққа ие болды. Құнан бәйгеге бес орын тағайындалып, оларды Жамбыл, Павлодар облыстары мен Жетісудың Ескелді, Панфилов аудандарынан келген тұлпарлар иеленді.
Топ бәйгеде Павлодар облысының «Майданқара» тұлпары озып келіп, оған 2 млн. теңге ақшалай сыйлық ұсынылды. Мұнан кейінгі орындарды Жетісу, Алматы облыстарының жүйріктері қанжығалады.
Аламан бәйгеде Алакөл ауданының «Ұлар» атты жылқысы үздік шығып, тұлпар иесі облыс әкімінің Кубогына және 5 млн. теңге ақшалай сыйлыққа ие болды. Сол сияқты Алматы, Жамбыл, Жетісу облысынының жүйріктері де түрлі деңгейдегі жүлделерге ие болды.
Жалпы әр санатта оза шапқан сәйгүліктер мен шабандоздар арнайы кубоктармен, дипломдармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фототілші: Қанат Умиралинов.