Жетісу облысында Қазақстан халқының бірлігі күні аталып өтті. Негізгі іс-шаралар Талдықорған қаласындағы «Достық үйі» ғимаратының маңындағы алаңда ұйымдастырылды.
Мұнда этномәдени бірлестіктердің көрмелері қойылып, балалар және ниет білдірушілер бірлік пен келісім тақырыбындағы суреттерді бояуға қатысты. Сонымен қатар сахна төрінде өңір өнерпаздарының орындауында ән мен би тарту етілді. Шараға облыс әкімінің орынбасары Диас Есдәулетов қатысты.
– Біздің облысымызда 70-тен астам этнос өкілдері бейбітшілік пен келісімде өмір сүріп келеді және олардың әрқайсысы туған өлкенің дамуына өз үлесін қосуда. Дәл осы ерекшелік бізді рухани тұрғыдан байытып, кез келген сын-қатерге төтеп беретіндей мықтылығымызды шыңдай түседі. Бірлік – өздігінен қалыптаса салатын құбылыс емес, ол – күн сайын бір-бірімізді құрметтеу, қолдау және тыңдай білу арқылы жасалатын таңдау. Өткен жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының мерейтойы аясында этностар арасындағы қоғамдық келісім мен бірлікті нығайтуға бағытталған бірқатар маңызды іс-шаралар жүзеге асырылды, – деп атап өткен Диас Рахметұлы өңірдің қоғамдық өміріне белсене қатысып жүрген этномәдени бірлестіктерге алғыс білдірді.
Іс-шара мерекелік концертпен жалғасты. Аспанға бір мезетте көгершіндер мен түрлі түсті әуе шарлары ұшырылды.
— Бүгін көңілімізді қуаныш пен шаттық сезімі кернеп тұр. Мерекені бар мазмұнын жарқырата ашып, жақсы тойлап жатырмыз. Бірлік пен өзара қолдау — халық достығының мызғымас негізі, — деді қазақ мәдениеті, салт-дәстүрлері орталығының жетекшісі Серікбол Шыныбаев.
Оған күрд этномәдени орталығының өкілі Эльмира Момуч-Оглы да қосылды:
— Барша жиналғандарға, барлық қазақстандықтарға достық, ынтымақ және бейбітшілік тілеймін. Мұнда бәрі сондай қуанышты, айнала толы күлкі мен шаттық. Осындай көңіл күй әрқашан да, барлық жерде отандастарымызға серік болсын, - деді ол.
Сондай-ақ мерекеге келген қонақтардың бірі Оңтүстік Корея азаматшасы Бе Ге Хва да облыс тұрғындарын Бірлік күнімен құттықтады.
— Қазақстан өте мейірімді әрі қонақжай ел. Қазақ халқына достық, кеңпейілділік және басқа этностарға деген жылы қарым-қатынасы үшін басымды иемін. Достық пен бірлік күннен күнге нығая берсін! — деді ол.
Сондай-ақ осы күні Талдықорған қаласында «Бірлік жүгірісі» атты бұқаралық спорттық іс-шара өтті. Аталған шара салауатты өмір салтын қалыптастыруға, бұқаралық спортты дамытуға және қоғамдағы бірлік пен келісімді нығайтуға бағытталды. Мереке түрлі этнос өкілдерін, қала тұрғындары мен қонақтарын өзара сыйластық пен ынтымақтастық рухында біріктіріп, мерекелік күнге ерекше серпін берді.
Негізгі кезеңде қатысушылар 6 шақырымға «Жастар» спорт кешенінен «Достық үйі» ғимаратына дейін жүгіріп өтті.
Жарыс аяқталғаннан кейін жеңімпаздар марапатталып, үздік қатысушыларға арнайы сыйлықтар табысталды.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотограф: Дмитрий Ерофеев