Бейбіт Исабаев XXV Сурдлимпиада ойындарының жүлдегері Рамазан Әбдрасілге бір бөлмелі пәтер кілтін табыстады

Бейбіт Исабаев XXV Сурдлимпиада ойындарының жүлдегері Рамазан Әбдрасілге бір бөлмелі пәтер кілтін табыстады

Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев XXV жазғы Сурдлимпиада ойындарының грек-рим күресінен қола жүлдегері, биылғы Қазақстан чемпионы Рамазан Әбдрасіл мен жаттықтырушысы Әлімжан Базарбекті қабылдады, деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Өңір басшысы спортшыны жоғары жетістігімен құттықтап, оның Токио қаласында өткен XXV Сурдлимпиада ойындарындағы жеңісі тек Жетісу үшін ғана емес, бүкіл ел үшін маңызды оқиға болғанын жеткізіп, жылы лебізін білдірді.

– Рамазан Әбдрасіл жақында Шымкент қаласында өткен сурдо грек-рим күресінен ел кубогының чемпионы атанды. Рамазанның жоғары жетістіктері көпжылдық қажырлы еңбектің, сондай-ақ жаттықтырушысының кәсібилігі мен тынымсыз жұмысының нәтижесі. Осыған орай жаттықтырушы Әлімжан Базарбекұлына осындай талантты спортшы мен еліміздің нағыз патриотын дайындағаны үшін, сондай-ақ отандық спорттың дамуына қосқан үлесі үшін шын жүректен алғысымды білдіремін, деген Б.Исабаев чемпионға Талдықорған қаласының жаңа шағын ауданында орналасқан тұрғын үйден бір бөлмелі пәтердің кілтін, жаттықтырушысына ақшалай сыйлық сертификатын тапсырды.

Кездесу барысында облыс әкімі спорттық инфрақұрылымды дамыту мәселесіне де назар аударды. Ол Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың инклюзивті спорт нысандарын салу туралы тапсырмасына орай Талдықорған қаласында «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен инклюзивті спорт орталығының құрылысы басталғанын атап өтті.

Кездесу барысында палуан мен жаттықтырушысы өңірде спортты дамытуда жасалып жатқан жағдайлар үшін облыс басшылығына ризашылығын білдірді.

- Бізге жан-жақты қолдау көрсеткендеріңізге шын жүректен алғыс айтамын. Төрт жылдан кейін Сурдлимпиада ойындарында топ жарып шығамын деген сенімім бар. Соған бар күш-жігерімді саламын, - деді Рамазан Әбдрасіл.

Кездесу соңында өңір басшысы жас палуанға алдағы Азия-Тынық мұхиты ойындарында үздік өнер көрсетіп, әлемдік аренада ел абыройын асқақтататынына сенім білдірді.

Атап өтсек, былтыр қараша айында Токио қаласында өткен XXV жазғы сурдлимпиада ойындарында Р. Әбдрасіл қола жүлде иеленсе, биыл 14-16 сәуір күндерінде Шымкент қаласында өткен Қазақстан Республикасының Кубогында І орын иеленіп, Азия-Тынық мұхиты ойындарына жолдама алған болатын.

Жалпы, Жетісу облысында «Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығы» КММ-да есту мүшесі зақымдалған (сурдо) спортшылар арасында грек-рим күресімен 21 спортшы шұғылданады. Аталған орталықта 3 жаттықтырушы жұмыс істейді. 2025 жылдан бері сурдо грек-рим күресінен 1 халықаралық дәредегі спорт шебері, 2 Қазақстан Республикасының спорт шебері, 11 спорт шеберіне үміткер дайындалған.

 

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі

Фотограф: Дмитрий Ерофеев