Жетісуда өнеркәсіп саласына инновациялық технологиялар енгізілуде

Жетісуда өнеркәсіп саласына инновациялық технологиялар енгізілуде

Жетісу облысында өңір экономикасының түрлі секторларында инновациялық шешімдер серпінді енгізілуде. Сонымен қатар жаңа идеяларды табысты іске асыру үшін жан-жақты қолдау көрсетіліп келеді. Инновациялық технологияларға ден қойғандардың ішінде  өнеркәсіп саласы да бар, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.  

Мәселен, өңірлік Jetisu Digital IT-хабының қызметі шеңберінде жасанды интеллект, цифрлық білім беру, медицина және GovTech салаларында технологиялық стартап-жобаларды дамыту жүзеге асырылуда. Сондай-ақ цифрландыру және инновация элементтерін енгізе отырып, қолданыстағы кәсіпорындарды жаңғырту қолға алынды.

Облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-иноовациялық даму басқармасының мәліметінше, өткен жылы «Қайнар АКБ» ЖШС өнеркәсіптік аккумуляторлар шығаратын жаңа желіні іске қосып, жаңғырту жүргізді. Сондай-ақ қойма, құрастыру желісі, лазерлік таңбалау және жұмыс уақытын есептеу жүйесі автоматтандырылды. Оған қоса «Метакон» ЖШС металды лазерлік кесу және металл конструкцияларды роботтық дәнекерлеу жүйесін енгізді, ал «Алацем» ЖШС робот-паллетайзермен жабдықталған орау цехын ашты. Сондай-ақ, қоспаны дайындаудан бастап кесіп, қаптауға дейін толық автоматтандырылған өндіріс процесімен газоблок шығаратын «Стальбетон» ЖШС зауыты пайдалануға берілді.

- Өнеркәсіп саласына заманауи инновацияларды енгізудің маңызы зор. Өйткені мұндай шаралар шығындарды төмендетіп, дәлдікті арттырады. Оған қоса өңір кәсіпорындарының бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге оң ықпал етеді, - дейді басқарма басшысы Серік Сәбетайұлы.

Атап өтсек, облыста жоғары және орта арнаулы оқу орындарының, бизнес-қоғамдастық пен Кәсіпкерлер палатасы өкілдерінің қатысуымен Өңірлік ғылымды дамыту жөніндегі кеңес құрылды. Белгіленген тиісті ққрылымдық бөлімше осы ғылыми кеңестің жұмысын үйлестіретін болады.

 

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Фотографтар: Жеңіс Ысқабай, Дмитрий Ерофеев