Жетісу облысында көктемнің басты мерекесі Наурызға орай 1330-дан астам іс-шара өткізіледі. Әр күні белгілі бір тақырыпқа арналатын дәстүрлі Наурызнаманың биылғы мерекеленуіндегі басты ерекшеліктерінің бірі цифрландыру мен ЖИ қолдану болмақ. Мәселен, талдықорғандықтарға цифрлық киіз үй жобасы ұсынылып, келушілерге робот-гуманоид жасанды интеллект пен Жетісуда қолданылатын инновациялық жобаларды интерактивті түрде көрсетеді. Сол сияқты AI Nauryz ашық алаңында қала тұрғындары заманауи цифрлық құралдарды интерактивті форматта қолдану мүмкіндіктерімен танысады, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Наурыздың алғашқы күні 14-і басталып, Көрісу күні – Амал мерекесіне орай Талдықорғандағы орталық алаңда мерекелік шара ұйымдастырылады. Онда театр әртістері, жергілікті өнер ұжымдары және облыстық ҚХА-ның этно-мәдени бірлестіктері мүшелерінің қатысуымен Көрісу ғұрпы сахналанады. Облыстың басқа да аймақтарында Амал күнінің мәнін ашатын дөңгелек үстелдер, концерттер, театрландырылған көріністер және басқа да мәдени-көпшілік шаралар өтеді.
Ал 15 наурыз - Қайырымдылық күні арнайы ынталандыру шаралары ретінде өңірдегі бизнес өкілдерінің әлеуметтік акциялары ұйымдастырылады. Сол сияқты облыстағы жолаушы тасымалдау ұйымдары қоғамдық көліктерде бір күндік жол жүрудің тегін болуын қарастыруда.
Сонымен қатар «Наурыз Fest» республикалық акциясы аясында 13-23 наурыз күндері ірі сауда орындары мен базарларда жәрмеңкелер өткізіледі. Сол сияқты бұл акцияға Жетісу облысында акцияға ірі сауда желілері де белсенді түрде қатыспақшы.
16 наурыз Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні ретінде аталып өтіледі. Бұл күні өңірдегі мәдениет және өнер қайраткерлерімен кездесулер, шеберлік сағаттары, шығармашылық кештер ұйымдастырылады. Мектептерде патриоттық кинолар көрсетіледі, «Наурыз – жыл басы» сынып сағаттары өткізіледі. Сондай-ақ Jetisu Digital ІТ-хабы базасында дизайнерлерге, студенттерге, жалпы цифрлық дизайнға қызығатын жандарға арналған Figma Contest шығармашылық байқауы болды. Онда қатысушылар Наурызға және цифрлы мәдениетке арналған теңдессіз стикерпактар дайыдаудан бақ сынасады. Байқаудың мақсаты – жастарды Наурыздың заманауи визуалды образын жасауға тарту.
Шаңырақ күні ретінде мерекеленетін 17 наурызда отбасы құндылықтарын дәріптеу мақсатында жастардың неке қию салтанатында «Наурыз бата» беріледі, сол сияқты 40-50 жыл отасқан жұбайлар марапатталады. Жаңа туған нәрестелердің ата-аналарына сый-кәделер табысталады. Сонымен бірге Талдықорған қаласында кезектегі азаматтарға жаңа баспана кілттері табысталады. Сондай-ақ Орталық Арбаттағы AI Nauryz ашық алаңында қала тұрғындарын жасанды интеллект мүмкіндіктерімен таныстыру шарасы өтеді. Бұл - заманауи цифрлық құралдарды интерактивті форматта қолдануға мүмкіндік беретін алаң. Іс-шара барысында қонақтар жасанды интеллект көмегімен сурет жасауды үйреніп, музыка мен өлең генерациялау мүмкіндіктерін байқап көреді, сондай-ақ ашық сұхбаттар мен интерактивті сауалнамаларға қатыса алады.
Ұлттық киім күні, яғни 18 наурызда тақырыптық челлендждер, «Наурыз аруы» байқауы, ұлттық киім көрмелері мен сән үлгілерін көрсету, ұлттық киім және салт-дәстүр үлгісінде фотозоналар дайындау жоспарланған.
19 наурыз – Жаңару күні аясында барлық аудан-қалаларда бұлақтың көзі ашылып, ағаш егіледі. Сондай-ақ Талдықорғандағы Jetisu Digital IT-хабында оқушылар мен студенттердің зияткерлік жобалар көрмесі ұйымдастырылады. Іс-шара аясында стартаптар мен технологиялық жобалар аллеясы ұйымдастырылып, қатысушылар өздерінің әзірлемелері мен цифрлық шешімдерін ұсынады.
Ұлттық спорт күніне орай 20 наурызда аударыспақ, жамбы ату, теңге ілу, асық ату, тоғызқұмалақ, садақ ату және т.б. дәстүрлі жарыстар ұйымдастырылып, сондай-ақ VR-ойындар орнатылған интерактивті алаңдар ашуды қарастырылып отыр.
21 наурызда Ынтымақ күні аталып өтіледі. Бұл күні Талдықорғандағы орталық алаңда «Ұлттар достығы» ауқымды мерекелік концерті өткізіледі. Сонымен қатар «Эко акция» мәдени көпшілік іс-шарасы ұйымдастырылып, Ешкіөлмес жотасының, «Тасбақа», «Әулиеағаш», «Тамшыбұлақ» көрнекті орындарының, Қойлық қалашығының, Шоқан Уәлихановтың «Алтынемел» мемориалды музейінің, і мен «Қазақ халқына мың алғыс» монументі мен бабалар кесенелері және басқа да көрнекті орындардың маңы, сол сияқты Алакөл, Балқаш жағалаулары тазаланады.
22 наурызда «Жыл басы – әз Наурыз» мәдени-бұқаралық іс-шаралары облыс көлемінде кеңінен аталып өтіледі. Киіз үй қалашықтары, театрландырылған көріністер, концерттер, көрмелер, ұлттық спорт түрлері, жәрмеңкелер, ұлттық тағам фестивальдері, қолөнер және шығармашылық аймақтар ұйымдастырылады. Сонымен бірге «Цифрлық киіз үй» форматында өңірдің заманауи технологиялық шешімдерін көпшілікке робот-гуманоид таныстырып, жасанды интеллект пен инновациялық жобаларды көпшілікке интерактивті түрде көрсетеді деп жоспарланып отыр.
Наурызнама онкүндігі 23 наурыз – Тазару күнімен түйінделіп, «Таза Қазақстан» жобасы аясында «Тазалық эстафетасы», «ТазаLIKE», «7 OZEN» эко-фестивальдері ұйымдастырылады.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотографтар: Дмитрий Ерофеев, Жұмабай Мұсабеков