Жетісу облысының активі жаңа Конституция жобасын қолдады

Жетісу облысының активі жаңа Конституция жобасын қолдады
Жетісу облысында облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың төрағалығымен жаңа Конституция жобасын талқылауға арналған өңір активімен кездесу өтті. Кеңеске аудан және қала әкімдері, басқармалар мен аумақтық департаменттердің басшылары, мәслихат депутаттары, құқық қорғау органдарының өкілдері, облыстық қоғамдық кеңес мүшелері және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
 
— Қазақстан Республикасы Президентінің 2026 жылғы 21 қаңтардағы Жарлығына сәйкес конституциялық реформа жөніндегі комиссия құрылды. Оның аясында енгізілетін өзгерістерді талқылау үшін жұмыс тобы жасақталды. Аталған топтың құрамына облыстық мәслихат төрағасы Гүлнар Тойлыбаева енгізілді. Бүгінгі күнге дейін Конституциялық комиссияның алты отырысы өткізілді, — деді өңір басшысы.
 
Одан кейін жаңа Конституция жобасы бойынша жан-жақты түсіндірме жасаған Гүлнар Тойлыбаева Конституцияның 77 бабына түзетулер енгізілгенін атап өтті.
 
Бейбіт Исабаевтың айтуынша, Мемлекет басшысы бастамашы болған конституциялық реформа ел тарихындағы маңызды кезеңге айналды. Негізгі заңның жаңа жобасы — сарапшылар мен азаматтық қоғам өкілдерінің алты айлық еңбегінің нәтижесі.
 
— Негізгі заңға енгізіліп отырған тұжырымдамалық өзгерістер мемлекеттің адамға бағытталған сипатын күшейтуге бағытталған. Әділетті Қазақстан идеясы мен «Заң мен тәртіп» қағидаты конституциялық бағдар ретінде бекітілуде. Мемлекет азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуге, өмір сүру сапасын арттыруға және өзін-өзі жүзеге асыруына жағдай жасауға жауапкершілік алады. Бұл жоба әрбір адам өзінің құндылығы мен маңыздылығын сезінетін күшті, заманауи әрі орнықты Қазақстанның берік негізін қалайды. Өңір тұрғындары жобаның ел мен аймақ болашағы үшін маңызын терең түсіне отырып, оған кең қызығушылық танытуда, — деп қорытындылады облыс әкімі.
 
Кездесу барысында өңір активінің өкілдері конституциялық өзгерістерді қолдап, оларды облыстың барлық тұрғындарын кеңінен тарта отырып, ашық түрде талқылаудың маңыздылығын атап өтті.
 
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
 
Фототілші: Дмитрий Ерофеев