
Жетісу облысында туризм саласын дамыту бағытында жүйелі шаралар қабылданып жатыр. Осы орайда туристік әлеуеті жоғары Балқаш көлінің жағалауын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Бұл туралы Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкіметтің селекторлық режимдегі отырысында жасаған баяндамасында айтты, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Өңір басшысының айтуынша, Жетісу облысының туристік дамуында 5 дестинацияға басымдық беріледі, соның бірі Балқаш көлі. Атап өтсек, 2025 жылғы жазғы маусымға дейін көл жағалауына апаратын автомобиль жолдары қатынасы толықтай қамтамасыз етілді.
- Лепсі станциясында жаңа теміржол вокзалының құрылысы биыл аяқталады. Өткен жылы Лепсі ауылынан Балқаш көліне дейін электр, ауыз су желілері тартылды. Көл жағалауында инженерлік-коммуникациялық желілерін салу аяқталу сатысында, дайындық деңгейі 90%. Биыл жобаны толық аяқтау үшін жергілікті бюджеттен қажетті қаржы бөлінді. Сонымен қатар осы жылы жазғы маусымға дейін жағалауда 2 коммуналдық жағажай салынады, - деді Б. Исабаев.
Балқаш көлі жағалауының аумақтарын тұрақты күтіп ұстауды қамтамасыз ету үшін «Балқаш Тазалық» коммуналдық кәсіпорыны құрылды. Оған жергілікті бюджеттен қаржы бөлініп, 21 арнайы техника сатып алынды. Еске салсақ, суда жүзу құралдарының қозғалысын бақылау мен демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін облыста Жалпы су пайдаланудың қағидалары бекітілген болатын.
Жалпы Балқаш көлінің жағалауын тиімді дамыту мақсатында Бас жоспар мен жағалау аймағын егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы әзірленді. Аталған құжаттар аясында өңірде көл жағалауын дамыту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Жағалауда қажетті инженерлік инфрақұрылымның құрылысы толық аяқталғаннан кейін өңір әкімдігі тарапынан заманауи демалыс аймақтарын салу үшін инвесторларды тарту жұмыстары жүргізілетін болады.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.