Биыл Талдықорған қаласында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында бірыңғай сәулеттік келбетті қалыптастыру және абаттандыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілді. Соңғы екі жылда ұзақ жылдан бері абаттандыру көрмеген «Ұлан», «Жұлдыз» және «Жетісу» шағын аудандарындағы 39 аула абаттандырылып, 20 көп қабатты тұрғын үйдің қасбеттері жөнделді. Бұл туралы Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаевтың Талдықорған қаласының тұрғындарымен кездесуі барысында айтылды, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Сонымен қатар қала бойынша 39 көп қабатты үйдің шатыры ауыстырылып, жаңа 20 балалар алаңы орнатылды. Келесі жылы Жансүгіров көшесіндегі
30 үй жөндеуден өтеді, шатырлары, аулалары жаңартылады.
Оған қоса «Құлагер» шағын ауданында заманауи саябақ және «Бірлік» шағын ауданында сквер салынып, қаланың жасыл қорын ұлғайту мақсатында 12 мың көшет отырғызылды. Биыл қала аумағындағы ағаштарды суғару мақсатында 7,4 шақырым арық желісіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Келесі жылы «Жастар», «Ардагерлер» саябақтары және Қаратал өзенінің жағалауындағы ағаштар мен жасыл желектерді жазғы мезгілде суғару үшін автоматтандырылған суғару жүйесі орнатылатын болады.
- Қалада көптен бері қоқысты қайта өңдеу мәселесі шешілмей келді. Енді жеке инвестор есебінен қалдықтарды кәдеге жарату, қайта өңдеу және жағу кешенін салуды жоспарлап отырмыз. Зауыт Талдықорған қаласының және жақын маңдағы аудандар мен Текелі қаласының жылына 120 мың тоннаға дейінгі қалдықтарын қайта өңдеп, қосымша электр және жылу энергиясын өндіреді. Қазіргі уақытта 3,3 гектар жер учаскесі бөлініп, жеке инвестормен жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу жұмыстары жүргізілуде. Жоба жоспар бойынша 2026-2027 жылдары жүзеге асырылады, - деді Б. Исабаев.
Сондай-ақ өңір басшысы қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі басымдықтарына, халықтың өмір сүру сапасын арттыру бағытында қабылданып жатқан шараларға және келесі жылдың жоспарларына тоқталды. Мұнан соң тұрғындарды толғандырған сұрақтарға жауап берді. Сұрақтардың басым бөлігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласына қатысты болды. Атап айтқанда, көп қабатты тұрғын үйлердің қасбеттері мен шатырларын, аулаларын жөндеу, балалар ойын алаңдарын салу, көше жарығын орнату, газдандыру, сумен жабдықтау және су бұру желілерін, арық жүйелерін жөндеу, сондай-ақ жалпы қалалық аумақты абаттандыру және көгалдандыру мәселелері көтерілді. Бұл сұрақтар негізінен «Мүшелтой», «Ғарышкер», «Болашақ», «Жастар-1» шағын аудандарының, сондай-ақ Еркін ауылының тұрғындарын алаңдатты. Аталған аумақтарда абаттандыру жұмыстарының бір бөлігі жүргізілгенімен, әлі де назар аударуды қажет ететін мәселелер бар екені айтылды. Жауаптан белгілі болғандай, көтерілген проблемалық мәселелердің едәуір бөлігі келесі жылы шешімін табады, қазір қажетті құжаттар дайындалып, тиісті қаржы қарастырылған, оның ішінде «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында да қаражат бөлінген. Айта кетейік, биыл Еркін ауылында заманауи футбол алаңы пайдалануға берілді.
Мәселен, Ізбасаров көшесінің тұрғыны арық жүйесін жөндеу мәселесін көтерді, оның айтуынша қазіргі арықтан су шығыны көп болып отыр. Қала әкімі Ернат Бәзілдің айтуынша, келесі жылы Талдықорғанда 5,5 шақырым арық желісін қайта жаңғырту жоспарланған, аталған жобаға осы көше де енгізілген. Ал Жандосов көшесінің тұрғыны кәріз желілерін жөндеу қажеттігін жеткізді. Бұл жоба үш жылды қамтиды, оның алғашқы кезеңіне арналған қажетті қаражат келесі жылға бөлінген.
Қала көшелерін көгалдандыру жоспарлары жөніндегі сұраққа жауап берген Е. Бәзіл биыл Еркін ауылы аумағындағы тәлімбақта 4 мың жапырақты ағаш көшеті және 5 мың қарағай отырғызылғанын айтты. Осылайша, алдағы уақытта қала аумағында сол жерде өсірілген жас ағаштар отырғызылатын болады. Жалпы, өткен жылы облыс орталығында 10 мың жас ағаш егілсе, биыл тағы 12 мың ағаш отырғызылды. Сонымен қатар мердігер ұйымдар жерсінбей қалған көшеттердің орнына жаңаларын қайта отырғызды.
Сондай-ақ қала тұрғындары мемлекеттік тұрғын үй қорынан үй алуға кезекте тұрған азаматтарға баспана беру мәселесіне қатысты сұрақтар қойды. Облыс әкімі атап өткендей, пайдалануға беруге дайын тұрғын үйлер бар, алайда тұрғын үйге кезекке қою және оны бөлу функциясы жергілікті атқарушы органдардан «Отбасы банкке» берілгендіктен, банк тарапынан кезең-кезеңімен аяқталған тұрғын үйлерді қабылдау және тапсыру мәселесі әзірге толық шешімін таппай отыр.
Кездесу барысында бірқатар сұрақтар жол жөндеу және жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты қойылды . Атап айтқанда, қала тұрғындарын «Жастар-1» шағын ауданындағы жол жөндеу жұмыстарының қашан аяқталатыны және Абылай хан көшесін жөндеу жоспарлары қызықтырды. Белгілі болғандай, «Жастар-1» шағын ауданындағы жол жөндеу жұмыстары 2022 жылы басталып, келесі жылы толық аяқталады. Ал Абылай хан көшесіне келер болсақ, онда орташа жөндеу жұмыстары келесі жылға жоспарланған. Қала тұрғындарының алаңдаушылығын ескере отырып, жергілікті полиция қызметі жол қозғалысы ережелерінің сақталуына бақылауды күшейтіп, жол белгілерін орнатуға ерекше назар аударатын болады.
Қала тұрғындарының бірі Талдықорғанда спортты дамыту үшін күрес түрлерімен айналысуға арналған жеке зал ашу қажет дейді, себебі «Өркен» спорт кешеніндегі залда орын жеткіліксіз. Өңір басшысының айтуынша, облыс орталығында заманауи жабық спорт кешенін салу жоспарланған, алайда Үкімет қаулысымен жарияланған мораторийге байланысты құрылыс жұмыстары әзірге кейінге қалдырылған. Ал сұрақ қоюшы азамат көркем гимнастикамен айналысатын ғимаратта жаттығатын адам аз болуы себепті онда күрес жаттығуын өткізу мүмкіндігін қарастыруды сұрады. Талдықорғанда жыл соңына дейін көркем гимнастикаға арналған жеке залдың құрылысы аяқталатынын ескерсек, күрес түрлерімен айналысуға арналған бөлек зал ашу мәселесін шешу мүмкіндігін қарастыруға болады.
Қала тұрғындары «Шығыс», «Ұлан», «Жастар-3» шағын аудандарында, сондай-ақ Мойнақ және Көктал ауылдарында жүргізіліп жатқан инфрақұрылымды жақсарту жұмыстарына оң баға берді. Сонымен қатар қала кәсіпкерлері де белсенділік танытып, көрсетіліп жатқан қолдау үшін алғыстарын білдіріп, алдағы уақытта да қалада өтетін мәдени-бұқаралық іс-шараларға қатысып, тұрғындарға қолайлы болу үшін жылжымалы қоғамдық тамақтану орындарын ұйымдастыруға дайын екендіктерін жеткізді.
Жалпы екі сағаттан астам уақытқа созылған кездесу барысында облыс әкіміне 50-ден астам сұрақ қойылып, олардың әрқайсысына нақты жауаптар мен түсіндірмелер берілді.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотографтар: Жұмабай Мұсабеков, Дмитрий Ерофеев, бірқатар фотосуреттерді Талдықорған қаласының әкімдігі ұсынды