Тәуелсіздік күніне орай Жетісуда бес жаңа әлеуметтік нысан ашылды

Тәуелсіздік күніне орай Жетісуда бес жаңа әлеуметтік нысан ашылды

Тәуелсіздік күніне орай Жетісуда денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салаларында жалпы саны 5 жаңа нысан ашылды, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Атап айтқанда, Қаратал ауданының Ортатөбе және Қанабек ауылдарында фельдшерлік-акушерлік пункт, Тастөбе ауылында мәдениет үйі, Қаражиде ауылында спорт кешені ашылды. Мұндай нысандар аталған елді мекендерде бұған дейін болмаған. Сондықтан жаңа ғимараттардың ашылуы тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған игі қадамдардың бірі деуге болады. Бұл қуанышты жаңалыққа орай ауыл тұрғындары пікір білдірді.

- Ауылымызда фельдшерлік-акушерлік пункттің ашылғанына өте қуаныштымын. Бұрын толыққанды ем алу үшін көрші ауылға баруға мәжбүр болатынбыз. Өйткені бізде ескі ғимаратта отырған медициналық пункт қана болды. Енді қажетті сапалы медициналық көмекті өз ауылымыздан ала аламыз. Бұл - біз үшін үлкен жеңілдік, жақсы жаңалық, - деді Қанабек ауылының тұрғыны Дилнар Бүйрекбай.

Ал спорт кешенінің жастар үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынын қаражиделіктер қуана жеткізді.

- Бүгін жаңа спорт кешені ашылып отыр. Бұрын ауылымызда мұндай нысан болмаған. Енді балаларымыз бен немерелеріміз осы спорт кешенінде спорт түрлерінен жаттығып, денсаулықтарын шыңдауға мүмкіндік алды. Осындай игі істі жүзеге асырған барша азаматтарға алғыс айтамын, - дейді Қаражиде ауылының тұрғыны Ақпар Әбиров.

Қуанышты жаңалық Көксу ауданына да жетіп, мұнда Бозтоған ауылында 150 орындық мәдениет үйі ашылды. Нысанның құрылысы өткен жылдың көктемінде басталған болатын. Бұған дейін 1100-ден астам тұрғыны бар бұл елді мекенде мұндай мәдени ошақ болмаған, ал балаларға арналған барлық үйірме сабақтары жергілікті мектеп ғимаратында өткізіліп келген.

Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Қуаныш Сүлейменовтің айтуынша, жаңа мәдениет үйі ауыл жастары үшін маңызды даму орталығына айналады:

– Мұндай нысандар – жай ғана ғимарат емес, таланттарды дамытуға, дәстүрді сақтауға, рухани құндылықтарды нығайтуға арналған кеңістік. Бозтоған ауылындағы мәдениет үйі жастар үшін рухани даму орталығына айналатынына сенімдімін. Мұнда үйірмелер, шығармашылық студиялар жұмыс істеп, концерттер, кездесулер мен мерекелік шаралар өтетін болады. Ауыл үшін бұл – мәдени өмірдің жаңа парағы, – деді ол.

Жергілікті тұрғын Дариға Жаманбаланова да қуанышын бөлісті:

– Біз бұл күнді ұзақ күттік. Құрылысқа күш-жігері мен қаражатын салған барша азаматтарға алғысымыз шексіз. Енді балаларымыз үйдің қасында музыкамен, бимен айналысып, өнерін шыңдайтын болады. Бұл – жастарымыздың болашағына жасалған маңызды инвестиция, – деді ол шынайы ризашылығын білдіріп.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі

Фотограф: Дмитрий Ерофеев, сол сияқты фотосуреттерді Қаратал аудандық әкімдігі ұсынды.