Жетісу облысы Ақсу ауданында өңірлік газдандыру схемасына сәйкес газдандыруға жататын 31 елді мекенді газдандыру жұмыстары келесі жылы басталады. Құрылыс жұмыстары 2006-2017 жылдары жүргізіледі. Бұл туралы облыс әкімі Бейбіт Исабаев аудан тұрғындарымен кездесуі барысында айтты, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Өңір басшысының айтуынша, қазіргі уақытта жеке инвестициялар есебінен жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өтуде, қорытындысы жыл соңына дейін шығады.
- Мемлекет басшысының қолдауымен 3 жылға жоспарланған «Талдықорған-Үшарал» магистралды газ құбырын бір жылда аяқтап, Алакөлге дейін газ құбырын тарттық. Жоба аясында Жансүгіров және Қапал газ тарату станцияларының құрылысы аяқталды. Жалпы, келесі жылдан ауданды газдандыру жұмыстарын бастаймыз. Нәтижесінде ауданның 34 мың тұрғыны немесе 92%-ы 2027 жылы табиғи газға қол жеткізе алады, - деді Б. Исабаев.
Облыс әкімі өз сөзінде ауыз су мәселесіне де тоқталды. Атап айтқанда, аудандағы 49 елді мекеннің 43-і немесе 87,7% орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілген. Халқының саны 5-37 адамды құрайтын қалған 6 разъезде тұрғындар өз аулаларындағы су құдықтарын пайдаланады. Сонымен қатар биыл жергілікті бюджеттен қаражат бөлініп, Қопалы ауылының тұрғындары сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілді. Сондай-ақ Жансүгіров ауылында ауыз су сапасын жақсарту мақсатында Ақсу өзенінің жер үсті көздерінен су алу қондырғысына арналған құжаттама әзірленді. Жобаны қаржыландыру келесі жылға жоспарланған.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотографтар: Жұмабай Мұсабеков, Дмитрий Ерофеев