Биыл Ақсу ауданында 60 пәтерлі тұрғын үй салынды және әлеуметтік осал санаттағы азаматтар үшін 80 жеке тұрғын үй сатып алынды. Соның нәтижесінде жыл қорытындысы бойынша тұрғын үй кезегі 12%-ға қысқарады. Бұл туралы Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаевтың аудан тұрғындарымен кездесуінде белгілі болды, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Ауылдық жерлерде әлеуметтік тұрғыда осал отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету жұмыстары аясында Матай ауылында 112 жеке тұрғын үй салу үшін 15 гектар жер учаскесі белгіленген. Ол учаскеде инженерлік желілер, атап айтқанда су және электрмен жабдықтау желілері салынды. Атап өтсек, биылғы жылдың 24 мамырынан бастап тұрғын үй кезегіне қою және тұрғын үй беру функциясы жергілікті атқарушы органдардан «Отбасы банк» АҚ-ға берілген болатын.
Осы кездесуде облыс әкімі ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына, халықтың әл-ауқатын арттыру мақсатында қабылданып жатқан шараларға кеңінен тоқалып, осы жұмыстарды жалғастыру бағытында тиісті тапсырмалар берді. Сондай-ақ былтырғы кездесуде көтерілген мәселелердің шешімі жайлы да баяндады. Мәселен, шешімін тапқан мәселенің бірі - аудан тұрғыны Гүлмира Оспанованың өтінішіне сәйкес Жансүгіров ауылындағы Халыққа қызмет көрсету орталығында талапқа сай пандус орнатылған.
Жиында өңір басшысы аудан тұрғындары қойған сауалдарға жауап берді. Мәселен, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Ғабит Мұсабаланов Ақсу мен Қарагөз ауылының арасындағы жол жөндеу мәселесін көтерді. Жауаптан белгілі болғандай, қазір бұл жолдың жөндеу жұмыстарының жобалық-сметалық құжаттамалары дайындалуда, жол жөндеу келесі жылға жоспарланған. Қарашілік ауылының тұрғыны Қанатбек Дәуітбеков ауылда медициналық пункт 1960 жылдары салынған бұрынғы мектеп ғимаратында отырғанын, тозығы жеткен нысанға жаңа ғимарат керек екенін айтты. Бұл ретте облыс басшысы аудан әкімі мен тиісті басқармалар басшыларына мәселенің оң шешімін қарастыруды тапсырды. Сондай-ақ тұрғын үй, аудан орталығындағы тозығы жеткен электр желілерін ауыстыру сияқты мәселелер көтеріліп, осыған қатысты алдағы жоспарланған жұмыстары жайлы «Отбасы банк» АҚ мен «ТАТЭК» компаниясының өкілдері айтып берді.
Атап өтсек, осы күні облыс басшысы азаматтар үшін жеке қабылдау өтікізді. Қабылдауға кірген тұрғындар негізінен жер, денсаулық сақтау, субсидия мәселелері бойынша жүгінді. Азаматтарға көтерілген проблемалардың заңдық шешімі түсіндіріліп, тиісті лауазымды тұлғаларға нақты тапсырмалар берілді.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотограф: Жұмабай Мұсабеков және бірқатар фотосуреттерді Ақсу ауданының әкімдігі ұсынды