Жетісу облысындағы Бикен Римова атындағы драма театрына академиялық мәртебе берілді

Жетісу облысындағы Бикен Римова атындағы драма театрына академиялық мәртебе берілді

Жетісу облысының мәдени өмірінде айтулы жаңалық болды, яғни Бикен Римова атындағы драма театрына академиялық мәртебе берілді. Еске салсақ, бұл ұсынысты осы жылы 21 мамырда Мәдениет саласы қызметкерлерінің күніне арналған салтанатты жиында Мемлекет басшысы айтқан болатын, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Талдықорған театрына бұл мәртебе Премьер-Министрдің 2 желтоқсандағы қаулысы негізінде беріліп отыр. Бұл - көп жылғы шығармашылық жұмыстың жемісі, театр өнері мен мәдениетті дамытудағы айтулы еңбектің нәтижесі.

Айтулы жаңалықты жетісулықтар, әсіресе театр қызметкерлері ерекше қуанышпен қабылдады.

- Талдықорған театрының құрылғанына биыл 50 жыл толды. Жарты ғасырлық белесте театр өз репертуарын байытып, қаншама жас таланттарды тәрбиелеп шығарды. Әрбір премьера, гастроль, көрерменнің қошеметі - біздің ортақ тарихымыздың алтын парақтары. Бүгін, міне, театрымыз академиялық мәртебе алып отыр. Бұл тек атақ қана емес, біздің өнерді өркендетуге қосқан үлесіміздің және ұлт руханиятын дамытудағы еңбегіміздің лайықты бағалануы деп білеміз. Біз үшін осы мәртебеге жету – әрі  үлкен қуаныш, әрі зор жауапкершілік, - деді Б. Римова атындағы драма театрының көркемдік жетекшісі Сағындық Жұмаділ.

Атап өтсек, Талдықорған театрының негізі 1975 жылы қаланған, биыл 50 жылдығы аталып өтілді. Өнер ұжымы театр шымылдығын алғаш рет Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» пьесасымен ашқан болатын. Бүгінде театрда Алмахан Кенжебекова, Әлихан Ыдырышева, Лидия Каденова, Дулыға Ақмолда секілді Қазақстанның халық артистері бар. Театрда жалпы 145 адам еңбек етеді, соның 61-і жастар, ұжымдағы қызметшілердің 72-сі - шығармашылық адамы.

Еске салсақ, облыс құрылғаннан бері Жетісуда « BIKEN FEST» халықаралық фестивалі тұрақты өткізіліп келеді. Мәселен, биыл оған Қырғыз Республикасы, Өзбекстан, Әзербайжан, Грузия және басқа да елдерден 9 театр қатысты.  

 

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Фотографтар: Жеңіс Ысқабай, Дмитрий Ерофеев