Жетісу облысында орта және мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде балаларды тамақтандыру сапасы мен олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді бақылайтын қоғамдық штаб жұмыс істейді. Осы жылдың қазан айында құрылған штабтың құрамындағы жергілікті мәслихат депутаттары, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының аймақтық филиалының, барлық деңгейдегі қоғамдық кеңестер мен «AMANAT» партиясы облыстық филиалының мүшелері және белсенді азаматтар екі ай ішінде өңірдегі 416 білім мекемесіне, соның ішінде жекеменшіктегі мекемелерге де мониторинг жүргізді, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
«Қоғамдық бақылау туралы» Заңның аясында жүргізілген мониторинг барысында қоғамдық штаб өкілдері тамақтану сапасы мен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатысты негізгі мәселелерден бөлек, санитарлық-гигиеналық нормалар мен талаптардың сақталуына, температуралық режимге, іс жүргізуге, оқушыларды автобуспен тасымалдауға ерекше назар аударды. Сондай-ақ олар білім беру нысандарында жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарына қатысты мәселелерді де қарастырды.
Балалардың қауіпсіздігі мәселесіне қатысты облыстық білім басқармасының басшысы Дәурен Жүнісов:
- Өңірдегі 422 білім беру ұйымының барлығы бейнебақылау камераларымен толық қамтамасыз етіліп, Полиция Департаментінің жедел басқару орталығына қосылған. Сол сияқты барлық білім беру ұйымдарында «Дабыл түймелері» қойылып, жергілікті полиция басқармаларының кезекші бөліміне қосылды. Бүгінгі күні 296 білім беру ұйымында 518 дана турникет орнатылды. Облыс бойынша 210 білім беру ұйымы 253 штаттық бірлікте арнайы мамандандырылған күзетпен қамтамасыз етілген. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда, - деді өз сөзінде.
Қоғамдық штаб өкілдерінің айтуынша, мониторинг қорытындылары білім беру сапасын одан әрі жүйелі түрде жақсартудың негізіне айналады.
- Балалардың қауіпсіздігі мен әл-ауқатын қамтамасыз ету мәселелерін қоғамдық бақылау – аталған мәселерге қатысты мәліметтерді жинақтау, талдау және бағалау ісін қамтитын кешенді жұмыс. Біздің мақсатымыз – туындаған мәселелерді анықтап, оларды шешу бойынша ұсынымдар әзірлеу. Ал бұл ұсыныстарды іске асыру өңірде заманауи әрі қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Мұндай мониторинг шараларын облыс көлемінде әр тоқсан сайын жүргізіп тұрамыз, - деді «AMANAT» партиясы Жетісу облыстық филиалының төрағасы Арыстанғали Арын.
Жалпы, биыл өңірде 3 мектептің құрылысы аяқталды. Атап айтқанда, «Келешек мектебі» ұлттық жобасы аясында Алакөл ауданының Достық ауылында 600 орындық, Ақсу ауданының Көлтабан ауылында 120 орындық, Панфилов ауданының Талды ауылында 300 орындық мектептер пайдалануға берілді. Тағы 4 мектептің құрылысы жалғасуда, яғни Кербұлақ ауданының Көксай ауылында, Панфилов ауданының Суптай ауылында, Текелі қаласында және Талдықорған қаласында жалпы 680 орынға арналған білім нысандары салынып жатыр, келесі жылы пайдалануға беріледі. Сол сияқты 7 мектепке күрделі жөндеу жүргізіліп, соның 5-еуінде жөндеу жұмыстары аяқталды, ал қалған 2 мектепте құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін толық бітеді. Бұдан бөлек, биыл 14 мектепте, 5 балабақшада және 1 лагерьде – жалпы саны 30 білім беру нысанында ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ал келесі жылы 25 мектеп, 2027 жылы тағы 25 мектеп жөндеуден өтеді.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фототілшілер: Дмитрий Ерофеев, Жұмабай Мұсабеков,
сондай-ақ, фотосуреттерді "AMANAT" партиясының облыстық филиалы ұсынды