Жетісу облысында өрт қауіпсіздігі айлығы жалғасып жатыр. Айлық аясында Төтенше жағдай департаменті қызметкерлері шалғай елді мекендерге шығып, өрттің алдын алу және иіс тиіп улану қаупін төмендету мақсатында рейдтер жүргізуде. Тексеру барысында мамандар тұрғындарға өрт қауіпсіздігі ережелерін түсіндіріп, пештің жылыту жүйесін тексерді, әлеуметтік жағынан осал топтағы азаматтардың үйлеріне улы газды анықтайтын датчиктер орнатты. Атап айтқанда облыс бойынша әлеуметтік әлжуаз топтағы отбасылардың үйіне биыл 2085 датчик қойылды, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Кезекті профилактикалық рейд барысында өңірдің ТЖД қызметкерлері Кербұлақ ауданына қарасты Аралтөбе ауылына барып, әлеуметтік осал отбасылар тұратын жеке тұрғын үйлерді аралады. Атап айтқанда, аз қамтылған және көпбалалы отбасылар, ерекше қажеттілігі бар адамдар, жалғызбасты аналар мен зейнеткерлердің үйлеріне ерекше назар аударылды. Рейд барысында электр сымдары мен розеткалар тексеріліп, пештер мен мұржалар тазартылды, сондай-ақ тұрғындарға пеш жабдықтарын пайдалану ережелері түсіндірілді. Көп үйлер пешпен жылытылатын ауылдық жерде мұндай профилактикалық жұмыстардың маңызы ерекше.
Облыстық ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының аға инженері Еламан Әубәкіров пешпен жылытылатын үйлерде мұржаның тазартылмауынан, пештің дұрыс орнатылмауынан, электр желілерінің шамадан тыс жүктелуінен қауіп көп екенін айтты.
– Өрт оқиғаларының басым бөлігі жылу және электр жүйелерінің дұрыс жұмыс істемеуінен туындайды. Осыған байланысты бақылауды күшейтіп, тұрғын үйлерге улы газды анықтайтын дабыл құрылғыларын орнатудамыз. Бүгін 70-тен астам үйге барып, профилактикалық жұмыс жүргіздік. Тұрғындардан жылыту құралдарының жарамдылығын тексеруді, мұржаларды уақтылы тазартуды, электр желісін шамадан тыс жүктемеуді және пештерді қараусыз қалдырмауды сұраймыз, – дейді Еламан Әубәкіров.
Алдын алу шараларының атқарылғанына ауыл тұрғындары риза.
– Ауылымызда 300-дей тұрғын бар. Ауылға әлі газ келмегендіктен, бәрі көмір, ағаш тасып пеш жағады. Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері жылда жылыту маусымы кезінде тексеріс жүргізеді. Бұрын мұржаны қолмен тазалайтынбыз. Қазір мамандар біз сияқты көп балалы отбасылардың үйлеріндегі пешті тексеріп, мұржамызды тазалап береді. Өрт қауіпсіздігі әр тұрғын үшін маңызды – дейді ауыл тұрғыны Алдаберген Сұранбеков.
Ауылдың тағы бір тұрғыны Жанар Ысқақ та осындай пікірде:
– Жалғызбасты ана болғандықтан бір өзім мұржа тазалай алмаймын. Сондықтан мамандарға арнайы барып, өтініш білдірдім. Электр желілерінің техникалық жағдайын қарап ақауларды анықтап, арнайы құрылғы орнатып берген қызметкерлерге алғыс білдіремін, – деді ол.
Жетісу облысы Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, қабылданып жатқан алдын алу шараларының арқасында жылыту маусымы басталғалы бері өңірдегі өрт саны 20%-ға қысқарған. Биыл бүкіл облыс бойынша әлеуметтік жағынан осал азаматтардың үйлеріне улы газды анықтайтын 2085 дана датчик орнатылды. Бұдан бөлек, өңірдің тұрғын үй секторында 1510 жиын, 1122 нұсқаулық және 24 брифинг өткізіліп, оларда жалпы саны 32 400-ден астам адам қамтылды.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі
Фотограф: Жұмабай Мұсабеков