
Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев жұмыс сапары аясында Жетісу облысының Кербұлақ ауданына барып, жергілікті тұрғындармен кездесу өткізді. Кездесудің негізгі тақырыбы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауын жүзеге асыру болды.
Кездесуде облыс әкімінің орынбасары Диас Есдәулетов модераторлық етті. Ол өңірде тұрақты әлеуметтік-экономикалық даму, инфрақұрылымды жаңғырту және кеңейту, кәсіпкерлік бастамаларды қолдау, сондай-ақ қоғамдық тұрақтылықты нығайту бағыттары бойынша жүйелі әрі кезең-кезеңімен жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталды.
Кербұлақ ауданы әкімінің міндетін атқарушы Жанат Жүнісбеков Жолдаудың іске асырылу барысы туралы баяндады. Ол жыл басынан бері барлық негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің өскенін атап өтті. Өңірдегі өнеркәсіптік өндіріс көлемі қолданыстағы кәсіпорындардың жоғары деңгейдегі жаңғыртылуының нәтижесінде 39,7 млрд теңгеге жетті. Инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуы және бизнесті дамытуға қолайлы жағдайлардың жасалуы арқылы оң қарқын қамтамасыз етілуде.
Аграрлық сала, жаңа нысандарды салу, білім беру және денсаулық сақтау инфрақұрылымын жаңартуда да өзгерістер байқалады. Аудандағы жұмыссыздық деңгейі 5,1%-дан 4,8%-ға төмендеді, орташа айлық жалақы 304 мың теңгені құрады. Әлеуметтік қызметтерді цифрландыру арқылы жәрдемақы тағайындаудың ашықтығы артты және алушылар саны шамамен 39%-ға қысқарды.
Кездесу барысында Мәлік Отарбаев Президент Жолдауы жеті басым бағытты қамтитынын атап өтті: цифрландыру, экономикалық даму, инновациялар, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік саясат және құқық тәртібін нығайту. Ол «Заң мен тәртіп» идеологемасының, сондай-ақ «Таза Қазақстан» және «Адал азамат» бағдарламаларының тұрақты және әділетті қоғам қалыптастырудағы маңызды рөлін ерекше атап көрсетті.
Президент кеңесшісі цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектті енгізуге ерекше көңіл бөліп, оларды елдің бәсекеге қабілеттілігін арттыруда, экономикалық өсімді жеделдетуде, мемлекеттік басқарудың тиімділігін күшейтуде, қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен халықтың өмір сүру сапасын жақсартуда негізгі құрал ретінде қарастырды. Сонымен қатар ол жастардың цифрлық дағдыларды тез меңгеріп, инновациялық шешімдер жасай алатынын ерекше атап өтті. Жаңа ұрпақ Қазақстанның цифрлық трансформациясының негізгі қозғаушы күші болуы тиіс.
Кездесу барысында өз ойларын Кербұлақ ауданының аналар кеңесінің төрайымы Ғалия Ақбасова, жеке кәсіпкер Аулет Қайранов, сондай-ақ аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бөкен Рысбеков те білдірді.
Облыстық қоғамдық даму басқармасының мәліметі бойынша.