Жетісудың Ескелді ауданында 1700 гектар жерде су үнемдеу технологиясы қолданылуда

Жетісудың Ескелді ауданында 1700 гектар жерде су үнемдеу технологиясы қолданылуда

Жетісудың Ескелді ауданында ауыл шаруашылығына жаңа технология енгізу жұмыстары жүйелі жүргізілуде. Мұнда сегіз ірі шаруашылық су үнемдеу технологиясын 1700 гектар алқап қолданып отыр. Бұл ретте тамшылатып суару – 100 га, жаңбырлатып суару – 1,6 мың га. Ал биылғы жылы «Нам Г.» шаруа қожалығы 48 гектар жерге жер асты тамшылатып суғару жүйесін енгізуде. Жобаның жалпы құны 240 млн.теңге, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.     

Ескелді ауданының әкімі Елдос Ахметовтің өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифингіде айтқан сөзіне сүйенсек, аудан бойынша егін алаңы 53,4 мың гектар себілген, соның ішінде дәнді және майлы дақылдар, жем-шөп дақылдары, қант қызылшасы, картоп, көкөністер мен бақша дақылдары толығымен жиналып бітті. Ауданда басымдық берілетін қант қызылшасы дақылы биыл 1922 га жерге себіліп, қазіргі уақытта толығымен жиналып, орташа түсімділігі – 535 ц/га құрады. Бүгінгі күні өнім Көксу қант зауытына өткізілуде.

Аудан әкімінің айтуынша, ауданда мал шаруашылығы да дамып келеді. Қазір мұнда 44 мың бас ірі қара, 148 мыңдай қой-ешкі, 17 мыңнан астам жылқы, 39 мыңнан астам құс өсіріледі. Осы он айда 7,5  мың тонна мал мен құс еті, 16,5 мың тонна сүт өндірілген.  

- Жер мәселесіне келсек, соңғы үш жылда пайдаланбай жатқан 30 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Қайтарылған жерлерді айналымға қайта енгізу – маңызды міндеттердің бірі. Бүгінгі күнге дейін 21 мың гектар жер айналымға тартылды, оның 5 мың гектары конкурс арқылы, 16 мың гектары қоғамдық жайылым ретінде берілді. Аудан қорында қалған 9 мың гектар жер конкурс арқылы кезең-кезеңімен берілетін болады, - деп атап өтті Е. Ахметов.

Жалпы, осы жылдың он айында Ескелді ауданында 45,1 млрд теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндірілген.

 

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Фотографтар: Дмитрий Ерофеев, Жеңіс Ысқабай, сол сияқты бірқатар фотосуреттерді Ескелді ауданының әкімдігі ұсынды.