«Қорғас торабы» трансшекаралық хабын дамыту аясында бүгінге дейін екі мың жұмыс орнын құрған 40 жоба іске асырылды

«Қорғас торабы» трансшекаралық хабын дамыту аясында бүгінге дейін екі мың жұмыс орнын құрған 40 жоба іске асырылды

Жетісу облысында «Қорғас торабы» трансшекаралық хабын дамыту мақсатында инвестициялар тарту, жүк ағыны мен транзитті ұлғайту, өткізу пункттерін жаңғырту жөнінде шаралар қабылдануда. Мәселен, «Қорғас-Шығыс қақпасы» АЭА мен «Қорғас» ШЫХО-да екі мыңнан астам жұмыс орнын құрған 76 млрд. теңгелік 40 жоба іске асырылған, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының мәліметінше, олардың қатарында қуаты тәулігіне 1400 вагонды өңдеуге мүмкіндік беретін «KTZE-Khorgos Gateway» құрғақ порты, «SSA FEED Mills» ЖШС-ның құрама жем өндіру зауыты, «Майами Солар» ЖШС-ның күн батареяларын өндіретін зауыты т.б. ірі жобалар бар. Жалпы 2027 жылдың соңына дейін 9 мыңнан астам жұмыс орны құрылатын, 1,1 трлн. теңгеге тағы 65 жобаны іске асыру жоспарлануда.

Бүгінгі күні «KTZE – Khorgos Gateway» құрғақ портының кеңейту жұмыстары аясында  2 темір жол жаңғыртылды, қосымша 8 жол салынып, қазіргі кезде 16 жол қызмет көрсетуде. Бұл терминалдың өткізу қабілетін жылына 540 мыңнан 800 мың контейнерге дейін, яғни бір жарым есе арттыруға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ «SKYHANSA» компаниясының халықаралық жүк-жолаушы әуежайын салудың инженерлік инфрақұрылымның жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленуде. Жобаға тартылатын инвестиция көлемі 250 млрд. теңге, 700 жұмыс орны ашылады.

Сонымен қатар «Қорғас» орталығында жаңғырту жасалып, екінші багаж терминалы іске қосылды, Face ID және мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерімен интеграция енгізілді, жүк тасымалдау бойынша «Қазпошта» АҚ жұмысы басталды. Осының нәтижесінде орталыққа келушілер саны тәулігіне 2,5 мыңнан 5 мың адамға дейін өсті.

Ал «Нұр жолы» пунктінде өткізу қабілетін арттыру, көлік легін оңтайландыру және процестерді цифрландыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Тәулік бойы жұмыс режимі мен электронды кезек жүйесі енгізіліп, соның нәтижесінде өткізу қабілеті екі есеге артып, тәулігіне 800-ден 1600 автокөлікке дейін өсті. Биыл «Нұр жолы» өткізу пунктінде ірі өлшемді және жеңіл көліктерге арналған ұзындығы 2,4 шақырым айналма жолдың құрылысы аяқталды. Жоба аясында көлік легін «Қорғас» орталығына бағыттау жоспарланып отыр, бұл өткізу пунктіндегі жүктемені 40-45% төмендетуге мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек, бельгиялық «Saron Kazakhstan» (SARENS) компаниясы екінші айналма жолдың, сондай-ақ ірі тоннажды көліктерге арналған уақытша қойма мен жинақтаушы алаңның құрылысын бастады. Жобаның құны – 8 млрд. теңге, құрылыс жұмыстары 2026 жылдың соңы аяқталады деп жоспарланған.

Сондай-ақ тауарлар экспортын арттыру мақсатында Алтынкөл–Жетіген екінші жолдарының құрылысы жүргізілуде, жалпы ұзындығы 294 шақырым, Жетісу облысынан 64 шақырымы өтеді, аяқталу мерзімі - 2026 жыл. Сонымен қатар, Ынталы-Алтынкөл аралығындағы учаскеден «KTZE–Khorgos Gateway» компаниясының тиеу-түсіру терминалына апаратын темір жол құрылысының жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленуде.

Осы жобаларды іске асыру Алтынкөл станциясының өткізу қабілетін тәулігіне 18-ден 30 пойызға дейін, ал жүк тасымалы 1,7 есеге артады. Бұл жобалар Қазақстан мен Қытай арасындағы жүк тасымалын ұлғайып, әлеуметтік-экономикалық дамуға серпін бермек.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Фотограф: Дмитрий Ерофеев