ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев жұмыс сапары барысында Жетісу облысының Ескелді ауданына барып, жергілікті тұрғындармен кездесті. Кездесудің негізгі тақырыбы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауының өңірде іске асырылуы болды.
Облыс әкімінің орынбасары Диас Есдәулетов кездесуді ашып, өңірде әлеуметтік-экономикалық даму, инфрақұрылымды жаңғырту, кәсіпкерлікті қолдау және қоғамдық тұрақтылықты қамтамасыз ету бағыттары бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Ескелді ауданының әкімі Елдос Ахметов аудан бойынша Жолдауда берілген тапсырмалардың орындалуы туралы айтты. Оның сөзіне қарағанда, биылғы жылы Ескелді ауданына 26,4 млрд теңге инвестиция тартылып, ірі энергетикалық жобалар жүзеге асырылуда, өнеркәсіп өнімі көлемі 9,1 млрд теңгеге дейін өсіп, агроөнеркәсіп кешенінде заманауи технологияларды енгізу арқылы 45,1 млрд теңгенің өнімі өндірілген. Ауданда 13,7 шақырым жол жөнделіп, 40 шақырымнан астам су құбыры жаңартылды, 19 елді мекен газбен қамтылды, әлеуметтік осал санаттағы азаматтар үшін 20 үй сатып алынып, мектептер мен медициналық нысандарды жөндеу жұмыстары жалғасуда. Шағын және орта бизнестің төрт мыңға жуық субъектісі жұмыс істеп, 7,5 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтып отыр, туризм саласы да дамып келеді.
Кездесуді жалғастған Мәлік Отарбаев Президент Жолдауы жеті негізгі бағытты қамтитынын атап өтті. Олардың қатарында цифрландыру, экономиканы дамыту, инновациялар, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік саясат және құқықтық тәртіпті нығайту бар. Сонымен қатар «Заң мен тәртіп» идеологемасын, «Таза Қазақстан» және «Адал азамат» бағдарламаларын іске асырудың маңыздылығына тоқталып, олардың тұрақты әрі әділ қоғам қалыптастырудағы рөліне ерекше тоқталды. Президент кеңесшісі цифрландыру мен жасанды интеллект технологияларын енгізу еліміздің бәсекеге қабілеттілігін арттырудың, экономикалық өсудің, басқару тиімділігін, қауіпсіздікті және азаматтардың өмір сапасын жақсартудың негізгі құралдарына айналып отырғанын жеткізді. Бұл процестерде цифрлық дағдыларды тез меңгеретін және инновациялық шешімдер жасай алатын жастардың рөлі айрықша, сондықтан жаңа буын елдің цифрлық трансформациясының қозғаушы күші болуы тиіс екенін атап өтті.
Сондай-ақ кездесу барысында Ескелді ауданының мәслихат депутаты Үміт Тортаева, «Нам» шаруа қожалығының басшысы Герман Нам және Ескелді ауданының ардагерлер кеңесінің төрағасы Қалабек Тастанбаев сөз сөйледі.
Облыстық қоқамдық даму басқармасының мәліметі бойынша дайындалды.